Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жаңа жыл түні өртке оранған Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйге арнайы барып, жағдайды жеке бақылауына алды.
Аймақ басшысы «Қарасу» шағын ауданында орналасқан №15 тұрғын үйді аралап, тұрғындардың хал-ахуалымен танысты.
Әкімнің айтуынша, оқиғаның нақты себептерін анықтау және келген шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Өртенген тұрғын үйге нысаналы төтенше жағдай режимі енгізілді. Әр пәтерге келген залал жеке-жеке есептеліп, заң аясында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсетілетін болады.
Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар шатырдың зақымданған бөліктерін алып тастап, қалпына келтіруді бастап кетті. Ал пәтерлерді жөндеу жұмыстары комиссияның толық тексеруінен кейін жүзеге асады.
Ербол Қарашөкеев тексеру комиссиясының жұмысына тұрғындардың да қатысуы керектігін атап өтіп, қала басшылығына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ халықты сабыр сақтауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануға шақырды.
Айта кетейік, 2025 жылғы 31 желтоқсанда сағат 22:18-де аталған тұрғын үйдің балконынан өрт шығып, жалын шатырды шарпыған. Төтенше жағдайлар қызметінің күшімен 100 адам, оның ішінде 30 бала эвакуацияланды. 00:13-те өрт толығымен сөндіріліп, зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Оқиға орнына 62 маман және 22 техника жұмылдырылды. Кейбір тұрғындар уақытша қонақүйге орналастырылды.
Қазіргі уақытта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, оқиға орнында оның орынбасары Алтай Әлі мен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тиісті жұмыстарды үйлестіруде.
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
