Жетісу облысындағы жеке сот орындаушылардың (ЖСЖ) жүздеген миллион теңге көлеміндегі көлеңкелі табысы анықталды. Бұл туралы Жетісу облыстық прокуратурасының Баспасөз қызметі хабарлады.
«Талдықорған қалалық прокуратурасы талдау нәтижелері бойынша жеке тұлғалардың 2023 жылға арналған 240.00 нысанындағы жеке табыс салығы бойынша декларацияларында табыстың айтарлықтай төмендетілгенін анықтады. Бұл «көлеңкелі» тәжірибе тек салық заңнамасын ғана емес, сонымен қатар адал салық төлеушілер үшін әділдік қағидаттарын да бұзады. Статистикаға сәйкес, аяқталған атқарушылық іс жүргізудің нақты сомасы 896,1 миллион теңге болған. Ал тапсырылған салық декларацияларында тек 231 миллион теңге көрсетілген. Айырмашылық — 665,1 миллион теңге», — делінген ресми мәлімдемеде.
Талдықорған қалалық прокуратураныңталабына сәйкес, үш жеке тұлға қосымша салық декларацияларын тапсырған. Нәтижесінде аталған тұлғалар қосымша 2,6 миллион теңге салық төледі.
«Осыған ұқсас заңбұзушылықтар 17 жеке тұлғада анықталды. Қазіргі уақытта уәкілетті орган прокурордың қадағалау бұйрығын орындау мақсатында жеке тұлғалардың салық берешегін өндіріп алу шараларын қабылдауда», — деп хабарлады Облыстық Прокуратура Баспасөз қызметі.
Сурет: www.gov.kz
