Заң мен тәртіп: «Астана – есірткісіз қала» акциясы өтті

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде медиа кеңістіктегі белсенді азаматтардың қатысуымен «Астана – есірткісіз қала» акциясы ұйымдастырылды. Онда құқық қорғау мамандары мен студент жастар бас қосып, есірткімен күрес тақырыбында ой алмасты.

Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдерге психобелсенді заттарды қолданудың салдарын түсіндіру, есірткіден аулақ болуды насихаттау. Әсіресе студенттерге тәуелділіктің пайда болу себептері мен туралы ақпарат беруді негізге алған.

Статистикаға сүйенсек, психотропты заттарды қолданатындардың 44 пайызы бозбалалар болса, 25 пайызы бойжеткендердің үлесінде. Олардың 30 пайызынан астамы кейін түпкілікті нашақорға айналады екен. Сол себепті құқық қорғау органдары алдын алу іс-шарасын мектеп пен кәсіптік білім беру мекемелерінде жүргізуге мәжбүр.

– Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының емес,  қоғамның міндеті. Бұл санаттағы балалар – тәуекел тобына жататын, өмірлік бағытын енді анықтап жатқан жасөспірімдер. Біз оларды ерте жастан дұрыс бағытқа, салауатты өмір салтына бағыттағымыз келеді. Олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау – келешектегі қылмыстың, тәуелділіктің алдын алудың бір жолы, – деді  Астана қаласы Полиция департаментінің Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Дамир Байбазаров.

Жасөспірімдерге жаттанды сөз, сірескен санмен сөйлеу арқылы әсер ету мүмкін емес. Қарапайым тілмен ұғынықты жеткізу қажет, тіпті олардың үлгі тұтатын тұлғалары арқылы ақпарат беру ең тиімді шешім болмақ.

Осы орайда ІІМ  «Астана – есірткісіз қала» акциясына жастар арасында танымал спортшылар мен блогерлерді қатыстыруды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы іс-шараға ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин, IBO, WBF және WIBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Ангелина Лукас және блогер Әлібек Ермағамбетов қатысты.

– Жастар адал жолдан айнымай, есірткіге қарсы тұруы үшін спорты дамыту өзекті. Қазір қаншама жастың есірткінің кесірінен зардап шегуіне жағымсыз орта әсер етуде. Әрбір спортқа қызығатын жасөспірім алдына мақсат қойса және сол мақсатына берік болса, оны ешбір орта өзгерте алмайды деп сенемін. Бастысы, әрбір адамның артында бүтін отбасының жауапкершілігі, Отанның үміті барын ұмытпау қажет, – деді Илья Ильин.

Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидасының бір тармағы есірткімен күреске арналып отыр. Осы мақсатты  «Астана – есірткісіз қала» жоспары әзірленген, оған қоса есірткі қылмыстарының алдын алу жөнінде кеңес құрылған. Оның құрамына депутаттар, спортшылар, медиа тұлғалар және қоғам қайраткерлері енгенін білеміз. Кеңес мүшелері бірлесе отырып, мектептер мен жоғары оқу орындарында кездесулер, ашық диалогтар, дөңгелек үстелдер, нашақорлыққа қарсы марафондар мен квестер, спорттық турнирлер және көше акцияларын өткізуде.

Елордадағы кезекті кездесуде Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері – Астана қаласы бойынша Кекушин Будокай каратэ федерациясының басшысы Нұрсұлтан Әлиақбаров пен жауынгер және «Дала қырандары» қозғалысының мүшесі Василий Тахтай бой көрсетті.

– Қазір «Дала қырандары»  қозғалысы есірткімен күрес бойынша белсенді жұмыс істеуде.  «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында елорда көшелерінде наркограффитилерді бояу бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Ерекше назар жастарды құқықбұзушылықтың алдын алуға және азаматтық жауапкершілікті дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастамаларға тартуға аударылды, – деді Василий Тахтай.

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, өткен жылы есірткі қылмысы өскен.  ІІМ дерегінше, 2024 жылы 7 920 есірткі ісі тіркеліп, оның 3 430-ында қылмыстық құрам бары анықталған.

Айта кетейік, шара барысында қарулы күштер мен кинолог мамандар арнайы қойылым жүргізіп, есірткімен күресте қолданылатын әдіс-тәсілдерді көрсетті.

Related posts

ЭГЕЙ АЙМАҒЫНЫҢ ТАҒАМДАРЫ — АЛМАТЫДА

ttjk

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ МЕЦЕНАТТЫҚ

ttjk

“Восточный экспресс” готов к новому сезону.

ttjk