Ерекше балаларға арналған «Үйден ТЫС оқыту»жобасы жалғасын табуда

 

Инклюзивті білім беруді дамыту – қоғам алдындағы маңызды, әрі уақыт талабы болып отырған міндеттердің бірі. Бұл – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың толыққанды өмір сүруіне, әлеуметпен еркін қарым-қатынас орнатуына, өзін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінуіне жол ашатын бағыт. Соңғы жылдары елімізде осы салаға көбірек көңіл бөліне бастады. Соның жарқын бір дәлелі – «үйден ТЫС оқыту» жобасы.

 

Бұл бастаманың авторы – «Педагог академиясы» мен Республикалық «Балалар инклюзивті академиясы» қоғамдық бірлестіктерінің төрағасы, инклюзивті және арнайы білім саласының белсенді насихаттаушысы Нұрым Нұрғалиев.

 

Жобаның мақсаты қандай?

Жобаның басты мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тек үйде ғана емес, қоғам арасында да білім алып, дамуына жағдай жасау. Яғни бұл – тек оқу бағдарламасын меңгеру ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік ортада бейімделіп, өмірлік дағдыларды үйрену, қоғаммен еркін араласуға жол ашу.

Нұрым Нұрғалиевтің айтуынша, «үйден ТЫС оқыту» – инклюзияны шынайы өмірге енгізудің нақты әрі тиімді жолы.

«Білім тек үйде ғана берілмеуі керек. Ерекше балалар да ойын-сауық, спорт, өнер сияқты түрлі ортада еркін әрекет етіп үйренуі қажет. Бұл олардың психологиялық, әлеуметтік және тұлғалық дамуына үлкен серпін береді», – дейді жоба жетекшісі.

 

Осындай тәжірибелік ортада балалар:

жаңа ортаға биімделуді;

әлеуметтік дағдыларды;

шығармашылық қабілеттерін;

топпен жұмыс істеуді;

эмоцияларын еркін білдіруді үйренеді.

 

Жоба кімдерге арналған?

«Үйден ТЫС оқыту» жобасына ерекше білім беруді қажет ететін 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Жобаның қатысушылары – әртүрлі даму ерекшелігі бар балалар. Олардың арасында аутизм спектрі бұзылыстары, сөйлеу және есту қабілетінің бұзылыстары, зияткерлік дамуында ерекшелігі бар балалар бар.

Ата-аналар мен арнайы педагогтердің айтуынша, мұндай бастамалар баланың тек білім алуына емес, жалпы өмір сүру сапасына, өзін қоғамда жайлы сезінуіне де зор ықпал етеді.

 

Үйден ТЫС оқыту: ерекше балаларға арналған тиімді формат

Соңғы жылдары инклюзивті білім беру аясында үйден тыс оқыту форматы ерекше балалар үшін тиімді шешімге айналды. Бұл жүйе мемлекеттік мектептердегі дәстүрлі үйде оқытудан бірнеше есе тиімді екенін көрсетті.

Біріншіден, оқу жүктемесі екі есе көп. Мемлекеттік мектепте үйде оқитын бала аптасына 8 сағат оқыса, бұл форматта – 16 сағат, яғни аптасына 4 күн мектепке келіп, әр күн 4 сабақ өтеді.

Екіншіден, оқушы бір емес, бірден төрт маманнан білім алады: логопед, дефектолог, психолог және ЛФК/АФК маманы. Бұл кешенді тәсіл баланың дамуына зор үлес қосады.

Үшіншіден, бала өз үйінде емес, мектепте оқиды. Жаңа орта оның мотивациясын арттырып, оқуға ынтасын күшейтеді.

Төртіншіден, балалар диагнозына, жасына және тіл деңгейіне қарай жұптастырылып, кейін топтастырылады. Бұл – оларды қоғамға бейімдеудің алғашқы қадамы.

Бесіншіден, бізде шешім тез қабылданады. Мемлекеттік мектептерде бала прогресс көрсете тұра, сыныпқа көшу тоқсан соңында ғана мүмкін болса, бізде ол ертең-ақ жүзеге асады.

Сонымен қатар, кей балалар ем қабылдап келген соң, қайтадан жекелеген оқытуға ауыстыруды қажет етеді. Мұндай жағдайларда да біз жылдам әрекет ете аламыз.

Ауыл мектептерінде мұғалім аптасына екі рет келе алмауы мүмкін. Ата-аналар шағым айтуға қысылады. Себебі, таныс – тамыр, ал зардап шегетін – бала. «Үйден ТЫС оқыту» бұл қиындықты болдырмайды.

Екі жылдан астам уақыт ішінде бұл жобаның тиімділігі дәлелденді. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының 80%-ы осы форматпен оқып жатыр. Балалар саны жыл сайын артып келеді – бұл ата-аналар сенімінің және нақты нәтиженің белгісі.

«Ерекше балаларға тек жанашырлық емес, тең мүмкіндік керек. Бұл жоба – сол мүмкіндіктің бір қадамы», – дейді Нұрым Нұрғалиев.

                                                                                             Елжас Жарасұлы

Related posts

Исследуйте Хеттскую тропу и откройте для себя древние сокровища первой империи Анатолии

Назия Жоямергенқызы

Ауыл – ұлт мәдениетінің мәйегі

ttjk

Жолға таласқан жолаушылар жауапкершілікке тартылды

editor