Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілгенде қоғамда дүрбелең тудырған қоғамдағы түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керегін айтты.

Бұл үшін олар халықпен жақсы коммуникация құрып, қабылданып жатқан шараларды түсіндіруі керек, бірақ мемлекеттің заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралары кейбір азаматтардың өз елін күстәналауына себеп болмауға тиіс.

Осылай деген Президент: «Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет. Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет»,  деді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейтінін де атап өтті.

«Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз. «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс», — деді.

Президент кейбір өзін «қоғам белсендісі» деп атайтын азаматтар елімізді мазақ қылуға әуес болып бара жатқанын жеткізе келіп: «Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе», деді.

Related posts

Halyk Bank-тің жанасусыз төлемдерімен бизнесті тиімді етіңіз

ttjk

Ораза қашан басталады?

ttjk

І ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕДИА ЖӘНЕ ТУРИЗМ ФОРУМЫ

ttjk