Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бірыңғай тізілім құру туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Алғашында «СТ-KZ» және индустриялық сертификаттар отандық өндірушілерді нақты қолдау үшін құрылған. Оның негізінде мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде преференциялар беріледі, жеңілдіктер мен субсидиялар алуға мүмкіндік жасалады. Алайда іс жүзінде көрсетіп отырғандай, қазір сертификаттау жүйесі оның сенімділігіне нұқсан келтіретін елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктерге тап болған. Жалған өндірістерді тіркеу жағдайлары кездеседі. Мәселен, Атырауда «Исатай мен Махамбет» ескерткішінің орналасқан жеріне өндіріс бар деп сертификат берілген. Талдықорғанда сертификат алған субсент өндіріс орнының мекенжайы ретінде монша кешені көрсетілген.
Осылай деген Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов отандық тауар өндірушілердің тізілімін реттеу туралы заң жобасын талқылау барысында деректерді асыра сілтеу және бұрмалау жайттары барын жеткізді. Оның айтуынша, импорттық тауарларға, яғни латекс қолғаптары, LG теледидары, жасанды көгалдандыру мен басқа да тауарларға Қазақстанда жасалған деген сертификаттар берілген. Өндіріс орнына қойылатын қарапайым талаптар мен өнім сапасының стандарттарын сақтамау жағдайлары да кездеседі. Мысалы, Алматыда сүт өнімдері санитариялық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйде өндіріліп келген. 2023 жылы Бас прокуратура 206 бұзушылықты анықтаған. Сонымен қатар уәкілетті орган жүргізген 42 тексерудің қорытындысында 40-тан астам әкімшілік іс қозғалған.
«Бұл проблемалар экономикамызға кері әсерін тигізіп жатыр. Салдарынан кәсіпкерлер бәсекелестік мүмкіндігінен айырылады. Мемлекеттік бюджет жалған өндірістерді қолдай отырып, шығынға ұшырайды. Бюджетіміз өзгелердің экономикасына жұмыс істейді. Ең бастысы — бүкіл мемлекеттік қолдау жүйесіне деген сенім азаяды. Бүгін қаралып отырған заң жобасында Қазақстандық тауар өндірушілердің толыққанды тізілімін құру ұсынылады. Бұл мемлекеттік органдар үшін қолжетімді, орталықтандырылған ақпараттық жүйе болады. Жүйе сертификаттау процесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар ол ыңғайлы және тегін болмақ», деді депутат.