Астанада концерт билеттерін сатумен байланысты алаяқтық схемасы әшкереленіп отыр.
Елорда тұрғындары жалған концерт билеттерін сатып алып, алаяқтардың құрбаны болған. Тұрғындар танымал қазақстандық топтың концертіне кіре алмай қалған сәтте ғана алданғандарын түсініп, бірден полицияға жүгінген. Бұдан басқа кейбір жәбірленушілер ресейлік танымал әншінің кешіне кіру үшін жалған QR кодтар сатып алған. Билеттердің құны 10 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болған, ал жалпы келтірілген шығын шамамен 200 мың теңге болыпты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 18 жастағы азаматтың осы алаяқтық іске қатысы бар екенін анықтаған. Күдікті Instagram желісінде жалған аккаунт ашып, танымал әншілердің концерттеріне баруға мүмкіндік беретін, бірақ шын мәнінде жоқ билеттерді ұсынған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жәбірленушілер ақша аударған банктік шотты тексеру арқылы күдіктіні табуға мүмкіндік бар. Тергеу барысында жігіт өз кінәсін толық мойындап, тағы да 11 осындай алаяқтық әрекет жасағаны анықталған.