Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстанда заңсыз көші-қонның өсуі әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретінін мәлімдеп, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Оның айтуынша, Қазақстан жағрафиялық жағдайына қарай заңсыз көші-қонның трансұлттық арналар санатына жатады. Бүгінде елімізде ресми мәлімет бойынша 300 мыңға жуық еңбек мигранты бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазір тек 13,2 мың шетел азаматы ресми түрде жұмыс істейді. Бас прокуратураның ақпаратына сүйенсек, тек биылдың өзінде 82,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 965 шетелдіктің қылмысы әшкереленген. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мың жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылыпты.
«Еңбек мигранттарының көбісінде жұмысқа шақыру рұқсат қағазы жоқ. Бас прокуратура дерегі бойынша Жамбыл облысында шекараны заңсыз кесіп өткен 20 пәкістандық ұсталса, Қарағанды облысында жалған еңбек шарты мен медициналық анықтамаларын жасап, заңсыз есепке қойған Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емдеу мекемелерінің қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топ анықталған», дейді депутат.
Сондай-ақ прокурорлар жалған мекенжайлар мен «резеңке» пәтерлерде тіркелген 22 мың шетелдікті анықтаған. «Астанадағы бір ғана отбасы тұрған пәтерге 937 шетелдік тіркелсе, Алматы облысында осындай 13 мың факті тіркелген. Мұндай тексерістер Маңғыстау, Түркістан облысында, Жамбыл облыстарында әр аудан-ауылда жіті жүргізілсе, бұл көрсеткіштер еселеп өсуі әбден мүмкін екені айқын», дейді сенатор. Халықаралық миграция ұйымы есебінше, жыл сайын Қазақстанға 3,7 миллионнан астам шетел азаматы әртүрлі себептермен келеді. Олардың қаншасы елде қалып, қаншасы кетіп жатқанын ешкім айта алмайды.
«Заңды және заңсыз мигранттардың Алматы, Астана, Шымкент және Маңғыстау облыстарында жинақталуы әлеуметтік-экономикалық қана емес, қауіпсіздік мәселелерінің де туындауына әкелуі мүмкін. Миграция ағынының күшеюі жағдайында көші-қонды бақылап қана қоймай, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететіндей бағыттау қажет», деді ол.