Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы жағдайға қатысты түсініктеме таратты.Оның айтуынша, Қазақстанның Украинадағы Елшілігі штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Сыртқы істер министрлігінде әлемдегі жағдайға мониторинг жасайтын арнайы Ахуалдық орталық бар.
«Біздің мәліметімізге сәйкес, Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастыруда және азаматтарын эвакуациялап жатқан жоқ. Қазақстандықтардан да эвакуациялау бойынша өтініштер түскен жоқ және қазіргі уақытта арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Украинада соғыстың жалғасып жатқанына екі жылдан асты. Кетемін деген азаматтар елден шығып кеткен. Бірақ біздің есебімізше, Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Нақты санын айту қиынға соғады», -деп хабарлады ресми өкіл.
Бірнеше күн бұрын Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украинадағы қазақстандықтарға ел аумағынан кету туралы ұсыныс айтқан болатын. «Қазақ дипломаттары өз жұмысын тиянақты атқарып келеді, егер отандастарымыздан өтініш түскен жағдайда оларға барлық қажет көмекті көрсетеміз. Дегенмен, жағдайдың одан әрі дамуына байланысты әрекет етеміз», деді Смадияров.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайдың ушығуына байланысты еліміздің әскери және азаматтық қорғаныс органдарына шұғыл тапсырма берді.