Душанбеде белгісіз біреу Тәжікстанның бас мүфтиі, Улем кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдукодирзодаға шабуыл жасаған.
Елдің Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға Душанбедегі орталық мешіттің жанында намаз уақытынан соң орын алған. Кешкі намаз аяқталған соң белгісіз азамат Душанбедегі орталық мешіт маңында Улем кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдукодирзодаға пышақ жарақатын салған.
Салдарынан діни қызметкер жеңіл жарақат алған. Дәрігерлер имамға қажетті көмек көрсеткен соң ол үйіне жеткізілген. Қылмыскерді ішкі істер органдарының қызметкерлері дереу ұстап, шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр.