15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл

 

Биыл Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толды. Бүгінде елімізде 19 мыңға жуық Ауған соғысы ардагері тұрады, олардың ішінде 3 мыңға жуық мүгедектігі бар адам бар.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ардагерлердің өмірін жақсартуға, атап айтқанда оларға әлеуметтік қамсыздандыру мен салық салудағы жеңілдіктер және т. б. бойынша құқықтар мен кепілдіктер беруге бағытталған шаралар жүйесі жұмыс істейді. Ауғанстандағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлерін әлеуметтік қорғау шаралары орталық және өңірлік деңгейлерде іске асырылады.

Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылдың 1 сәуіріне дейін елімізде оларға зат түріндегі жеңілдіктер беру жүйесі жұмыс істеді. 1999 жылдың 1 сәуірінен бастап осы заттай жеңілдіктерді арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеумен алмастыру жолымен жеңілдіктер беру саласындағы заңнаманы реформалау жүргізілді. Ауғанстандағы соғысқа қатысушыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 6,19 АЕК (2024 жылы 22 854 теңге), мүгедектігі бар ардагерлерге – 7,55 АЕК (2024 жылы 27 875 теңге) құрайды.

Сонымен бірге «Ардагерлер туралы» заңның 17-бабына сәйкес жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар), ұйымдардың басшылары өз құзыреті шегінде емделуге жол жүруге (екі жаққа да) және қосымша әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктер, сондай-ақ ардагерлерге басқа да материалдық және өзге де көмек түрлерін белгілей алады.

Мәселен, жыл сайын жергілікті атқарушы органдар атаулы күндерге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетеді. Атаулы күндердің тізбесі, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселік көлемі әрбір өңірде мәслихаттардың шешімі бойынша бюджет мүмкіндіктеріне қарай жеке белгіленеді.

Ардагерлер жергілікті бюджет қаражаты есебінен біржолғы көмекті 15 ақпанға дейін алады, бұл ретте оның мөлшері 92 мың теңгеден 230 мың теңгеге дейін болады.

Бұдан басқа жекелеген өңірлерде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып (қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру, санаторийлік-курорттық емдеу, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуді өтеу және т.б.) және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде көмектің басқа да түрлері ұсынылады.

Ауғанстандық ардагерлерге білікті медициналық көмек Астана және Алматы қалаларында орналасқан мамандандырылған госпитальдарда көрсетіледі.

Сонымен қатар Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай барлық өңірлерде іс-шаралар ұйымдастырылды, олардың арасында қаза тапқан интернационалист жауынгерлерді еске алуға гүл шоқтарын қою, ауғандық ұрыс қимылдарына қатысқан жауынгерлеріміздің жастармен кездесуі, сондай-ақ интернационалист жауынгерлерді құрметтеу, спорттық эстафеталар ұйымдастыру және т. б. бар.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ауғанстан соғысының ардагерлері мен Еңбекмині, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерінің қатысуымен шахмат және үстел теннисінен турнир ұйымдастырып, шағын футболдан жолдастық кездесу өткізді.

Бүгінде республика бойынша Ауған соғысының 20 ардагері әлеуметтік қорғау саласында еңбек қызметін жүзеге асыруда.

Сурет: el.kz

Related posts

Italy’s Fabulous Five: Planning Your Visit To The Cinque Terre

ttjk

COVID-19: дәрігерлік кеңестер

ttjk

Türkiye’s Most Popular Caravan Routes

ttjk