Қасым-Жомарт Тоқаев: Бүгінгі кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс

Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында сөз сөйледі.

Мәскеуге жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлығы және Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.

Мемлекет басшысы 1991 жылы Алматы Декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды.

«Өткен ғасырдың 90-жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достастықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, геосаяси тұрақсыздық пен аумалы-төкпелі халықаралық ахуал жағдайында өтіп жатқан бүгінгі кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс.

«Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан ресімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Related posts

«Reuse. Recycle. Reduce»: Алматыда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аталып өтті

ttjk

QazaqGaz және “Шеврон” Жалибек учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша серіктестік орнатты

Назия Жоямергенқызы

Алматыда онкология және радиология орталығы ашық есік күндерін өткізеді

ttjk