Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов UFC 310 турнирінде өткен жекпе-жекте ирландиялық Иан Мачадо Гэрриді тізе бүктірді.
Жекпе-жек АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында орналасқан T-Mobile Arenaстадионында өтті. Бұл жеңіс Рахмоновтың UFC ұйымындағы жетінші, ал жалпы мансабындағы 19-жеңісі. Сонымен қатар бұл Иан Гэрридің кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісі.
Жекпе-жек бес раундқа созылды. Бірінші раундта Шавкат қарсыласына оң қолмен күшті соққы беріп, басымдыққа ие болды. Екінші және үшінші раундтарда да басымдығын жалғастырды. Алайда бесінші раундта Гэрри қарсы шабуылға шығып, Рахмоновты қылқындыру әрекетін жасады. Бірақ Шавкат бұл жағдайдан сәтті шықты. Осылайша бес раундтан кейін судьялар бірауыздан жеңісті Шавкат Рахмоновқа берді.
«Барша қолдаушыларға алғыс айтамын. Қазақстан, алға! Иан Гэрри мықты қарсылас болды, жекпе-жек өте тартысты өтті. Бұл мен үшін де оңай болмады. Жақсы дайындықпен келсем де, қарсыласым өз деңгейін көрсетті», деді жерлесіміз жекпе-жектен кейінгі әсерімен бөлісіп.