Жасөспірімдер арасындағы жүктілік азаймай отыр

Елімізде 2023 жылы жасөспірім қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркелген.
 Сенатор Нұртөре Жүсіп жасөспірімдер арасында ерте жүктілік көбейіп бара жатқанын айтты. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында бала туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Сенатордың айтуынша, соңғы төрт жылда бұл статистика тұрақты сақталып отыр. Мысалы, 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркелген.
«Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр. Біз қайда кетіп бара жатырмыз? Ұят деген ұғымның өлгені ме? Адамдықты надандықтың жеңгені ме? Жеті бірдей өңірде, әсіресе, оңтүстік пен батыс аймақтарда жасөспірімдер арасында бала туу көрсеткіші өте жоғары. Соның ішінде Жамбыл, Түркістан мен Маңғыстау облысының деректері жағамызды ұстатады. Бұл өңірлерде жасөспірімдердің туу көрсеткіші ауылдық жерде де, қала тұрғындары арасында да өте жоғары», дейді депутат. Бұдан бөлек, жап-жас қыздарды қорлау да, зорлау да көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкелетінін айтқан ол: «Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Жүректерінде сыз қалады. «Ауруын жасырған өледі» дейді халқымыз, көрсек те, көрмеген болып, білсек те, білмеген болып осылай отыра береміз бе?», дейді.
Сондықтан Сенат депутаты жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет деп санайды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды.
Айтуынша, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі,  кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек.

Related posts

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЖАУЫНГЕРЛІК ӨНЕР ОЙЫНДАРЫ: АСТАНАЛЫҚ ГРЭППЛИНГ ШЕБЕРЛЕРІ 3 ЖҮЛДЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Назия Жоямергенқызы

Президент мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады

18 мамыр Халықаралық мұражай күні. Түркияның бай мәдени мұрасын ашатын кез келді

ttjk