2019 жылдың қаңтарынан бастап мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған «Тең IT-мүмкіндіктер әлемі» жастар лагері» атты бірегей жоба іске қосылды.
Аталған жоба мүмкіндіктері шектеулі адамдарды IT саласына тарту арқылы әлеуметтік тұрғыда қолдауға арналған. Ең үздік әлеуметтік бағыттағы IT–шешімдерді жүзеге асырған командаларға грант беріледі.
«Қазақстан азаматтарының әлеуетін дамыту «Шеврон» компаниясының елімізде жұмыс атқарып жатқан 25 жылдың ішіндегі барлық әлеуметтік бағдарламаларға негіз болып келеді. Біз мүмкіндіктері шектеулі адамдардың мәселелерін шешуге күш салдық және жастардың экономикалық мүмкіндіктерін ұлғайттық. Бүгін біз тұсауын кесіп жатқан жобамыз да көпшілікке өзгерісті болатынына үміттіміз», — дейді Chevron компаниясының өкілі Айнұр Сыдықова.
Жоба мүгедектігі бар адамдарға жұмысқа орналасу барысында бәсекелестік қабілетін дамытуға ықпал етеді. Мүгедектігі бар адамдардың табысқа қол жеткізу жолындағы негізгі тосқауылдары: оқу орындарының қолайсыздығы, әдістемелік оқулықтардың және басқа да оқытудың балама ресурстарының болмауы.
Жоба шеңберінде аралас оқыту сияқты заманауи технологиялар қолданылады, оның құрылымына онлайн-құралдар, инклюзивті тәжірибелер мен әдістер, менторлық бағдарлама және іске асып жатқан жобаларға практикалық тарту кіреді. Нәтижесінде жобаға қатысқандар бәсекеге қабілетті білім мен өз бетімен оқу дағдысын игереді.
«Ерекше Таңдау-Шелек» Корпоративтік Қорының бағдарламалау директоры Захира Бегалиева бұл бастамаға былайша сипаттама берді: «Қазір біздің мемлекетімізде мүгедектігі бар адамдарды оқытатын әр түрлі курстар көп. Оқыту жобалары негізінен адамдарды жаңа біліммен қамтамасыз етеді. Ал «IT-лагерь» бұл білімдерді дәл қазір пайдалануға шабыттандыру үшін қажет, себебі терең білімді адамда кейде білімін пайдалануға дайын емес.
Бұл жоба «Samruk-Kazyna Trust» КҚ және «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асады. Жобаның ұйымдастырушылары — «Ерекше Таңдау-Шелек» КҚ «Мойымайтын Мүгедектер Қоғамы» Қоғамдық бірлестігі және «Орталық Азияның Евразия Қоры» КҚ.
Нәзия Жоямергенқызы, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ, www.ttjk.kz