Қазақстанда өнеркәсіптік су тұтынушылар суды қайта пайдалануға міндеттелмек. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында белгілі болды. Бірінші оқылымда мақұлдаған Су кодексінің жобасына осындай норма енгізіледі.
Су кодексінің жобасына қайта және (немесе) айналымды сумен жабдықтауға біртіндеп көшу туралы норма енгізілген. Өнеркәсіптік су тұтынушылар Кодекс қабылданған күннен бастап 2 жыл ішінде қайта және айналымды сумен жабдықтау жүйелерін енгізудің бесжылдық жоспарларын әзірлеуге тиіс. Егер кәсіпорындар мен зауыттардың мұндай жоспары болмаса, оларға арнаулы су пайдалануға рұқсат берілмейді.Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазір әлемде суды бірнеше рет қайта пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялар жетерлік. Олардың бағалары да әртүрлі. «Екі жыл ішінде кәсіпорындар өз жоспарын біздің инспекциялармен келіседі. Содан кейінгі бес жылда олар осы жоспарын жүзеге асыруға тиіс. Біз оларға жеті жыл уақыт беріп отырмыз», деді ол.
Сондай-ақ жаңа Су кодексіне алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілген. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерлерінен қорғау мәселелерін қамтиды. Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамлеясында егер шұғыл шаралар қабылданбаса, судың тапшылығы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дағдарыстар туғызуы мүмкін. Осыған байланысты, биыл Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және Су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. «Бүгінде 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау жоспарда тұр. Сонымен қатар шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылады. Берілген барлық тапсырманы орындау кезінде, демек 2030 жылға қарай 10 млрд текше метрге дейін су жинақталып әрі үнемделеді», деді министр.
Жаңа редакциядағы Кодекстің қолданыстағы Кодекстен негізгі ерекшелігі – басты назар экономикалық қажеттілікке емес, су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға аударылып отыр.