ҚЫЗЫЛОРДАДА БИЫЛ БІРІНШІ СЫНЫПҚА 17 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА ҚАБЫЛДАНДЫ

 

Қызылорда облысында 319 мектеп бар болса, оның 295-і мемлекеттік, ал 24 мектеп жеке меншіктегі білім ұйымы. Осыған орай, жаңа оқу жылында аталмыш мектептерде 180 мыңнан астам оқушы білім алады. Ал 17 543 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын болады. Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет хабарлады.

–Мемлекет басшысының үлкен қолдауының арқасында өңірімізде сапалы білім ұйымдарының саны едәуір артып келеді. Сондай-ақ, аймақ басшысының тікелей қолдауының арқасында биыл «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылордада қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернатының құрылысы басталды. Бұл жобаның жалпы құны – 7,9 млрд.теңге. Сондай-ақ, қаламыздың сол жақ жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы салынады. Бұл жағымды жаңалықтар білім саласына зор серпіліс беретіні анық. Өздеріңіз білетіндей, жылдан-жылға қаладағы мектептерде бала саны көбейіп келеді. Тиісінше, мектептердегі орын тапшылығы айтарлықтай сезілуде. Бұл өзекті  мәселені шешу мақсатында облыс орталығындағы 1 850 балаға арналған 4 мектептің жанынан қосымша ғимарат салынуда. Бұл нысандар жаңа оқу жылында балаларды қабылдайтын болады. Бұдан бөлек, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға жергілікті бюджеттен – 1 млрд.қа жуық қаржы бөлінді. Сонымен қатар, облыстағы білім ұйымдары оқулық және оқу-әдістемелік құралдармен 100 пайыз қамтылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы.

Баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары балаларды әлеуметтік қолдау бағытына да ерекше тоқталып өтті. Айтуынша, биыл алғаш рет 1-4 сыныптарда оқитын 70 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұған жергілікті бюджеттен 5,5 млрд.теңге қаралды. Ал 5-11 сыныпта оқитын әлеуметтік көмекті қажет ететін 17 мыңға жуық оқушының ыстық тамағына – 3,3 млрд.теңге бөлінді. Одан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен 37 087 баланы бір реттік қаржылай көмекпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен – 1,3 млрд.теңге қаралды. Әр түрлі себептермен қаржылай көмекке ілінбей қалған оқушыларға демеушілер тарапынан көмек көрсетілуде. Бүгінде 7 421 балаға қажетті құралдармен мектеп формалары табысталды. Сондай-ақ, жаңа үлгідегі 30 автобус шалғайдан қатынайтын оқушылардың игілігіне қызмет етеді.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Related posts

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ЖАҢҒЫРТУ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

ttjk

Алачаты: серфингтің отаны

Назия Жоямергенқызы

Discover Pamukkale’s Timeless SPA and Healing Traditions

ttjk