Елімізде VIP автокөлік нөмірлеріне сұраныс артқан. Қымбат нөмірлерді сатып алушылардың статистикасы соңғы жылдары тұрақты өсіп жатыр.
Мәселен 2017 жылы жоғары сұранысқа ие 4539 мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері (бұдан әрі — МТНБ) 1,6 млрд. теңгеден астам сомаға сатылса, 2018 жылы бұл 14 909 МТНБ 3,5 млрд. теңгеден астам сомаға, 2019 жылы 12 658 МТНБ 3 млрд. теңгеден астам сомаға, 2020 жылы 3,9 млрд. теңгеге, 2021 жылы 5,8 млрд. теңгеге, ал 2022 жылы 7 млрд. теңгеден астам ақшаға нөмір сатып алынған. Ал былтыр автокөлік иелері VIP нөмірлер үшін 10 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Экономист Ерлан Кәрімовтің сөзінше, былтыр ең танымал мемлекеттік нөмірлер 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 болған. «Мұндай нөмір белгілерінің құны биыл 57 МРП (210 444 теңге) құрайды. Ең қымбат нөмірлер — 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 бірдей әріптері бар, автокөлік иесіне 285 МРП (1 052 220 теңге) тұрады», дейді ол.