Turkmenistan Airlines компаниясы Ашхабад — Мәскеу — Ашхабад бағытында ұшатын тұрақты рейстер тоқтатылғанын мәлімдеді. «Құрметті жолаушылар! Түркіменстан әуе жолдары 30.12.24 пен 31.01.25 аралығында Ашхабад — Мәскеу — Ашхабад бағыты бойынша тұрақты рейстердің тоқтатылғанын хабарлаймыз. Сіздерге сатып алынған билеттердің құнын толығымен қайтаруға болатынын ескертеміз. Байланыс үшін электрондық поштамыз info@turkmenistanairlines.tm және телефондарымыз: 23-03-18, 23-03-15, 37-84-52, 37-84-32, 39-17-17», деп мәлімдеді түрікменстандық әуекомпаниясынан.
Осыған дейін әзірбайжандық AZAL компаниясы да Ресейдің бірнеше қаласына рейстерін уақытша тоқтатқан. «25 желтоқсанда болған Embraer 190 ұшағының апатына қатысты тергеудің бастапқы деректерін, сондай-ақ Минеральные воды, Сочи, Волгоград, Уфа, Самара, Грозный қалаларына ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ықтимал тәуекелдерді ескере отырып және Махачкалада 28 желтоқсаннан бастап іс жүргізу түпкілікті аяқталғанға дейін рейстер тоқтатылды», делінген компания хабарламасында. Еске сала кетсек, кеше AZAL әуе компаниясының J2-8717 рейсі Баку – Минеральные Воды бағыты бойынша ұшқаннан кейін Баку әуе кеңістігінен шықпай-ақ және Махачкала әуе кеңістігін жабу туралы хабарламаны алған соң, кері қайту туралы шешім қабылдаған болатын. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша 10:13-те Гейдар Әлиев халықаралық әуежайына аман-есен қонды.
Сондай-ақ израильдік «Эль-Аль» Мәскеу бағытындағы барлық рейстерін бір аптаға тоқтатты. Израильдің флагмандық әуе тасымалдаушысы «Ресей әуе кеңістігіндегі оқиғаларға сілтеме жасай отырып» тоқтатылды. Бұл туралы израильдік БАҚ әуе компаниясының мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады. Компания рейстерді қалпына келтіру туралы шешім кейінірек қабылданатынын мәлімдеп отыр.
Бұдан басқа QAZAQ AIR биыл 28 желтоқсаны мен 2025 жылдың 27 қаңтары аралығында Астана — Екатеринбург бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтатқанын хабарлады. «Ресейге ұшу тәуекелдерін үнемі бағалау нәтижелерінің негізінде жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейстер тоқтатылды. Әуекомпания қазір Qazaq Air тәуекелдерін бағалау шарттарына сәйкес келетін Омбы мен Новосібірге рейстерді орындауды жалғастырады,» делінген хабарламада. Тоқтатылған рейстердің жолаушыларына әуебилеттерінің толық құнын қайтару қамтамасыз етіледі және әуекомпанияның баламалы рейстеріне тегін қайта брондау ұсынылмақ.