Туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылды

– Осы сапар аясында Бейжіңде Қазақстанның және Астанада Қытайдың мәдени орталықтары ашылды. Мұны екіжақты байланысты бекемдеу үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Бұл бастамалар халықтарымызды мәдени тұрғыдан жақындатып, өзара достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Бұдан бөлек, екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін екі елде визасыз режим қолданыла бастағанын ерекше атап өткім келеді. Қазір оның игілігін азаматтарымыз көріп отыр. Әсіресе, екі елдің көршілес аймақтарының халқына, кәсіпкерлер мен туристерге, жастар мен шетелдік әріптестерге тиімді болды. Биыл наурызда Бейжіңде «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» салтанатты түрде ашылды. Келесі жылы осы шараның жалғасы ретінде «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» өтеді. Бүгін қол жеткізген келісімдер елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайтып, халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.

– Бұл бағыттағы ұстанымдарымыздың ұқсас екеніне назар аудардық. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайту қажеттігін атап өттік. Екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатыр. Сонымен қатар біз Орталық Азия – Қытай диалогын одан әрі дамытуға келістік. Әлемдегі дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, геосаяси жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ, – деді Мемлекет басшысы.

Related posts

Түркі кеңесінің VIII саммиті басталады

ttjk

Ағзаны сақтауға арналған отандық құрылғы әзірленіп жатыр

editor

FlyArystan: Таразға арзан билет бар

Назия Жоямергенқызы