ТЕЛЕВИЗИЯНЫҢ ТАРЛАНЫ – КҮЛБАНУ ЖӘКЕНОВА

Қазақ қоғамында әйел затының алар орны ерекше. Әйел – ана атанып, балаға тәрбие береді. Әйел – қоғамның кез келген саласында да жетістікке жетіп, ойып тұрып орын алады. Бойында ақыл – парасаты, еңбекқорлығы мен қайсарлығы бар сондай жандардың бірі – Күлбану Жақыпқызы Жәкенова. Ол – Семей телевизиясының тұңғыш дикторы атанған қазақ аруы. Қазақ телевизиясы тарихынан ойып тұрып орын алаған жан тірі болса биыл 95 жасқа толар еді.


Күлбану Жақыпқызы 1924 жылы наурыздың 24 күні Шығыс Қазақстан өңірінде көзі ашық, сауатты отбасында дүниеге келді. Жастайынан алғыр, өжет қыз оқуға ерекше құштар болып өсті. Бос уақытында мүмкіндігінше көркем әдебиеттер мен сан алуан шығармалар оқитын. Ол өзге елдің мәдениетін білуге құштар болды. Сондықтанда қазақ тіліндегі еңбектер мен орыс тіліндегі әдебиеттерді қатар оқып, олардың әдеп-ғұрпын,мәдениетіндегі ерекшелікті зерделеп төл мәдениетімізбен салыстыратын. Көзі көргендердің сөзінше Күлбану Жақыпқызы қазақ халқының ұлттық мәдени құндылықтарының сақталуы мен халық шығармаларының дамуына алаңдайтын. Кеңес үкіметі заманында мүмкіндігінше ана тілінде сөйлеуге тырысатын. Үнемі алға ұмтылып, білімді, білікті болуға талпынатын. Үнемі алға ұмтылатын. Еңбекқорлығының нәтижесінде қазақ қызы екі тілде де еркін сөйлеп, ойын жеткізе алатын.
Білімге құштар шығыстың тумасы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, жоғары білім ала бастайды. Алайда сол кезде Ұлы Отан соғысы басталып, болашақ диктор оқуын үзіп, соғысқа аттанған ер азаматтардың орнын жоқтатпай, белсенділік танытып, елдің мұңы мен қайғысын жеңілдету, ағайын-дос жаранға демеу болу үшін қоғамдық жұмыстармен айналыса бастайды. Қаршадайынан өжет қыз, кез келген іске икемді, ұқыптылығымен басқалардан ерекшеленетін. Мектепте де, институтта да білімділігімен көзге түскен аруды Комсомол хатшысы қоғамдық жұмысқа араласуына ұсыныс білдіреді. Қазақы ортада өскен, инабатты, иман жүзді қазақ қызы келісімін беріп, қызығы мен шыжығы мол қоғамдық өмірдің бел ортасында жүреді.

Селсоветтің хатшысы болып тағайындалған ол күрделі, салмағы ауыр жүкті арқалауына тура келді. Халықтың бар арманы бостандықта арқаны кеңге салып, емін-еркін жүруді аңсады. Ер азаматтарының амандығын тілеген Аналар, жанарлары жасқа толы келіншектер, мұңайып әкесін,бауырын сағынған сәбилер, шарасыздық күйік отын жұтқан халықтың еңсесі бір көтерілмеді. Осындай жандардың рухын көтеріп, оларды ауыз бірлікке шақыру кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Жас та болса Күлбану Жақыпқызы сор маңдай қара халықпен бірлесіп күннің қақаған аязында, болмаса қайнаған ыстығында,сорғалаған жаңбырына қарамай білекті сыбанып,батпақты кешіп күні-түні жұмыс жасай бастады. Ауылдың шеткі аймақтарындағы шопандардың тұрмыс-жағдайымен танысып қана қоймай, олардың басындағы ауыртпалығымен бөлісіп, бар қолдан келген көмекті беруге тырысатын. Кеш құрым жастармен кездесулер өткізіп, патриоттық рухты көтеру керектігін шегелей айтып, соған шақыратын. Ауыл жастарын оқуға бағыттап, қоғамдық жұмыстарға тартып, олардың ішіндегі өнерге жақын таланттарды жинап сан алуан концерттер ұйымдастыратын. Оларға ел болашағы жастардың қолында екенін айтып, оны іспен дәлелдеуге үйретті. Қажырлы еңбек ғана көксеген мұратқа жеткізеді дегенді естен шығармады. Ұстанған өмірлік қағидасын жұмыспен көрсете білді. Сол кезде жастар үшін Үлгілі Тұлға атанды. Көктемгі дайындық жұмыстары мен күзгі жинау науқаны, колхоз-совхоздардағы мал басының амандығы мен қысқы азықтың дер кезінде орындалуын қадағалау осынау жап жас қыздың мойнында болды.
Сондай-ақ халықтың ет, сүт, бидай, картоп сынды тағамдармен қамтамасыз етілуі де Күлбану Жақыпқызының тікелей құзырында болды. Сонымен қатар ол қыз-келіншектермен бірге жүн түтіп, шұлық, қолғап тоқып, жылы киiмдердiң фронтка жиберiліп тұруын қадағалады. Осындай қиындыққа мойымай табандылықпен өзіне берілген жұмыстарды тиянақты, жоғары жауапкершілікпен атақара білді.
Талайды жылатқан сұрапыл соғыс аяқталды. Бейбітшілік таңы атты. Елде тыныштық орнап, халық көңілі жайлана бастады. Дегенмен, атқаратын шаруа көп болды. Бірінші кезекте майданнан тірі оралған аяқ-қолы жоқ немесе ақыл-есі кем, сырқат жандардың денсаулығын оңалту, оларды госпитальдарға орналастырып, ем-домына қол қабыс беру, жұмыспен қамтамасыз ету сынды жұмыстар тұрды. Міне осындай көмекке зәру азаматтарға Күлбану Жақыпқызы алғашқылардың бірі болып қол соза білді. Сонымен қатар ел қалаулысына айналған өжет қызға аудандык комсомол комитетiнiн 2 хатшысы, аудындық сот істерін жүргізу сынды жауапты қызметтер жүктелді. Осынай үлбіреген жас қыздың әр жұмысты байыпты да, жауапкершілікпен жасайтындығынан бөлек өзгеге ұқсамайтын бойынан инабаттылығы мен көргенділігі аңғарылатын. Өңірдегі ата-әжелер оған сүйсініп қараса, қатарластары мен замандастары қызыға қарайтын. Ал ауыл үлкендері Күлбану Жақыпқызының істеріне риза болып «бақытты бол!»,- деп батасын беріп жататын.
Сол үлкендердің ниетінің орындалғандығы болар көп кешікпей Күлбану қыз Түсіп Семейбайұлы деген азаматпен шаңырақ көтереді. Тұңғышы дүниеге келгеннен кейін кезінде аяқтай алмаған оқуын 1949 жылы тәмамдап, сүйікті мамандығының иесі атанады. Басшылық қызметтерді атқара жүріп үй шаруасын, жолдасының, балаларының жағдайын жасап, мүмкіндігінше қатар алып жүрді. Күлбану Жақыпқызы балаларына жақсы тәлім беріп қана қойған жоқ қатарынан қалдырмай жоғары оқу орындарында білім алуларына, бір-бір мамандық иесі атануына ықпал етті. Аяулы жанның Марат, Болат, Мейрамгүл, Сайрамгүл, Дудар, Сәуле есімді балалары өз саласының үздік мамандары. Араларында дипломат, экономист, оқытушы, ғылыми қызметкер де бар. Бұл да – Күлбану Жақыпқызының балаларына жақсы тәлім бере алғандығының дәлелі болса керек.
Күлбану Жақыпқызы сұхбаттарының бірінде телевидения саласына қалай келгендігі туралы айтып берген еді. Бірге оқиық.
– «Адам түрлі белестерден, алуан салаларда істер жасап та еліне қызмет ете алады. Бір күні 1963 жылы болуы керек Семей қаласында жаңадан Қазақ телевизиясы ашылады дегенді естідік. Алматыда теледидардың өз жұмысын жүргізіп жатқанын бәрі білетін. Ол жөнінде газеттер жазып, радиодан хабарлап жатты. Радиокомитет дайындық жұмыстарын жүргізіп, теледидарға орын дайындап жатты, ол Семейдегi Теміржолшылардың мәдениет үйі болатын. Теледидарға журналистер, режиссерлер, операторлар, дикторлар таңдауда дегенді естідік. Бір жұмыс күні жиналыс аяқталғаннан кейін маған бір журналист келіп, аты-жөнін айтып, танысып, теледидарда диктор болып істей алатын адам іздеп жүргенін айтты, «сізді әрiптестерiм қазақша, орысша жақсы біледі, диктор болып істей алады деді. Бізге жана ашылатын телевиденияға сырт келбеті сай, дикциясы жақсы адам керек. Мен сізді ертең таңертеңгі сағат 10-да радиокомитетте болатын конкурсқа шақыруға келдім» дегенді айтты. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс болды. Бірақ жоқ деп айту ыңғайсыз, өйткені журналист менің жиналысымның бітуін ұзақ күтті, сөйтіп мен «барам» деп уәде бердім. Келесі күні радиокомитетке байқауға қатысушылар жиналды. Қазылар арасында 1958 жылы жұмысын бастаған Алматы теледидар студиясының қызметкерлері де болды. Қазылар дикторлыққа үмiткерлердi сыннан өткізе бастады. Біздің экранда қалай көрінетінімізді, мәтінді қалай оқитынымызды, дикциямызды тексерді. Сұрыптау біткен соң қазылар мүшелері кеңесіп, 2 адамды таңдады. Оның бірі мен едім, екіншісі орыс бағдарламаларын жүргізетін бір орыс жігіт болды, атын ұмытып қалыппын. Сол уақыттан бастап, яғни 1963 жылдың тамыз айынан бастап мен теледидардағы жұмысымды бастадым. Сөйтіп Семейдегі қазақ бағдарламаларының алғашқы дикторы атандым. Күлбану Жақыпқызы жаңалықтарға арналған ақпаратты орыс, казак тілдерінде радиокомитеттен алатындықтарын, қазақшаға кейде өзі аударатынын айтты. «Күн сайын эфирге шығардан бұрын біз жаңалықтар мен бағдарламаны радиокомитет төрағасына апарып, оның келісімін алатынбыз. Тек төраға қол қойып, мөр басқаннан кейін ғана эфирге шығатынбыз. Ресми жаңалықтар дайындап, елдің өмірі, ауыл шаруышылығындағы жетістіктерін, өнеркәсібі, мәдениетін баяндайтынбыз. Жаңалықтарды жаттап, мүдірмей айтатынбыз. Жазып алынған баспаны өте сирек қолданатын ол кезде. Бүгін техниканың қарыштап дамып жатқан уағында қалағаныңа қол жеткізуге болады. Ол заманда барлығы тапшы. Әсіресе эфирге шығатын киімдерді өзіміз арнайы тігін орындарына апарып тіктіріп киетін едік. Дәл солай шашымыз бен бет әлпетімізді шама шарқымыз келгенінше жөндеп экранға шығатынбыз»,- деп еске алды Күлбану Жақыпқызы. Оның қатарластыр, әріптестері: «Күлбану
кез келген жаңалықтың шырайын шығарып оқитын. Жүзі жылы, бойында қарапайымдылық пен қайсарлық бар диктор көрерменге жаңалықтарды жүрекпен жеткізетін»,- деп еске алады.
Семей телевизиясының тұңғыш дикторы атанған қазақ қызы,
Тыл еңбек Ері, аяулы Ана, асыл әже Күлбану Жақыпқызы Жәкенова еліне сіңірген қажырлы еңбегі үшін мақтау қағаздары мен ССР және Қазақ елінің медальдарымен марапатталып, құрметті азамат, озық қызметкер атанды. Жастайынан бейнет көрген алдыңғы қатарлы маман, Ардақты Ана, зейнет жасында балалары мен немерелерінің, шөберелерінің арасында бақытты ғұмыр кешіп, тоқсанның төріне келіп дүние салды.

Ақпараттар мен суреттерді жібергені үшін Күлбану Жақыпқызының қызы Сәуле Баймұратоваға алғыс айтамыз.

Әзірлеген Ләззат Ноғайбай.

Related posts

JasQZ ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

ttjk

Қазақстанда 3500-ден астам есірткі сататын интернет- дүкен бұғатталды

ttjk

АЛАНЬЯ-АНТАЛИЯ ЖОБАСЫ

ttjk