Түркістандағы тарихи басқосу

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келіп, Ахмет Йассауи атындағы университет қалашығының макетімен танысты және музейді аралап көрді. Мәртебелі меймандар кітабына қолтаңба қалдырды. Университеттегі кездесуде Түркия Президентіне Құрметті профессор атағы берілді, содан кейін ол университеттің оқытушы-профессорлар құрамына өз лебізін білдірді.

Тайип Ердоған Қожа Ахмет Йассауидің бүкіл түркі дүниесіне қалдырған рухани мұрасының орны айрықша екеніне тоқталды. Бауырлас түрік халқы үшін Орталық Азия, әсіресе, исі түркінің Атажұрты саналатын Қазақстанның орны бөлек екенін айтты: «Соңғы 20 жылда елдеріміздің саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінде зор өзгерістер болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі емтиханнан жақсы өтті. Барлық сынақтарды еңсеріп, үлкен табыстарға жетті. Бұл көбіне көп өз елін жоғары деңгейге шығару үшін оның географиялық қонысын пайда­лана білген Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мүмкін болды».

Қазіргі халықаралық геосаяси ахуалдың тым шиеленісіп кет­кенін, алмағайып заманда елдегі тұрақ­тылық пен бейбітшілікті сақ­тап қалу үшін достық қаты­нас­тарды нығайту керектігін ескерт­кен Ердоған «Әлемдік саяси сах­надағы жағдай бәрімізге мәлім. Украина, Сирия, Ирак секілді елдердегі дүрбелең халықаралық жағдайды шиеленістіріп тұрған тұста туыстық, достық қарым-қатынасымызды мықтай түсуіміз қажет. Мен өзімнің және Түркия мемлекетінің атынан қазақтарға алғыс білдіргім келеді», – деді.

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йассауи Халықаралық қазақ-түрік университетінің түркі тілдес мемлекеттер ішінде халықаралық мәртебесі бар. Онда әлемнің түркі халықтары тұрып жатқан 32 елінен келген студенттер оқиды. Сабақ қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүреді.

Елбасы Назарбаев пен Ердоған Түркістан қаласындағы құрылысы 6 жылға созылған мешітте болды. Киелі мекеннің 1500 жылдық мерейтойы кезінде іргетасы қаланған мешіттің аумағы екі гектар жерге тең. Мешітті салуға түрік бауырлар 2 миллиард теңгеге жуық қаржылай көмек беріпті. Ғимараттың мұнараларының ұзындығы 33, ал күмбезінің биіктігі 31 метр болатын мешітте жұма намазын оқыған президенттер Әзірет Сұлтан кесенесінде бабалар рухына тағзым етті.

Елбасымен қоштасар сәтте Ердоған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтады: «Өткен жылы жазда Сiз Түркия президентiн ұлықтау рәсiмiне қатыстыңыз, осыған байланысты бiздiң жанымызда болғаныңыз үшiн алғыс бiлдiргiм келедi. Үш жылдан кейiн мен бiздiң ата-бабамыздың, әкелерiмiздiң отанына президент ретiнде келiп отырғаныма бақыттымын. Бұл сапардың мәнi ерекше, өйткенi биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады. Осы айтулы оқиғамен бауырлас халықты шын жүректен құттықтағым келедi».

Қазақстан тәуелсіздігін жария­ла­­ғанда ең алғаш егемен ел ретінде таныған, қазақтардың КСРО-дан іргесін аулақ салғанына қуанған – Түркия. Жанашырлық танытып, әрдайым бірігуге, қолдауға дайын тұратын да – түрік бауырларымыз. Түбі мен тарихы, тамыры мен тілі, діні, ділі бір Түркия Қазақстанның гүл­денуіне, болашағының жарқын болуы­на, саяси және экономикалық тұрғыда тұрақтылық орнауына мүдделі. Әлбетте, Түркиямен бауырлас ел ретінде байланыс орнатқан Қазақстан да түріктерге тілектес.

Кез келген елдің белсенділігін білдіретін – арадағы сауда айналымы. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан мен Түркия 2015 жылға қарай екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд. долларға дейін жеткізуді жоспарлаған болатын. Елбасы Анкарадағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысында: «Өткен 20 жылда біздің елдеріміз айтарлықтай даму кезеңінен бірге өтті. Осы уақыт ішінде біз бір-бірімізден көп нәрсені үйрендік, зор табысқа қол жеткіздік. Менің 2009 жылы Анкараға сапарым кезінде қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы Шарт біздің бірлескен жұмысымыздың базалық негізі саналады. Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы тиімді ынтымақтастық жоғары деңгейде дамуда. Әртүрлі халықаралық және өңіраралық ұйымдар аясында біздің байланысымыз кеңеюде», – деп мәлімдеген. Түркия Қазақстанның маңызды экономикалық серіктес­те­рінің бірі екенін баса айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы екі елдің арасын­дағы экономикалық өзара іс-қимыл жоғары қарқынмен даму үстінде екенін, Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында Түркияның Қазақстанға салған инвестициясы 2 миллиард АҚШ долларына жуықтағанын, 2015 жылға қарай екі елдің арасындағы тауар айналымын 10 миллиард дол­ларға дейін жеткізу жоспарланып отыр­ғанын ескертті.

Сонымен қатар бүгінде туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту да аса маңызды. Қазақ жеріндегі туризмді дамытуға түрік инвесторлары белсене қатысады деген үміт бар. Азия мен Еуропаны жалғастырып жатқан екі елдің геостратегиялық орналасуы көлік-транзит саласындағы екіжақты серіктестікті одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық та жоғары деңгейде дамып келеді. Қыркүйекте Анкарада өткен Астана мәдениетінің күндері екі елдің арасындағы мәдени байланысты нығайта түсті. Қазақстан азаматтарының Түркияда білім беру бағдарламалары бойынша тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту жөніндегі ынтымақтастығы қарқынды даму үстінде.

Бүгінде түбі бір түркі елдерінің арасындағы байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі арқылы нығайту көзделуде. Мәселен, былтыр Бодрум қаласында өткен Түркі Кеңесінің IV саммитінде Қазақстан Президенті түркі мемлекеттеріне ортақ телеарна ашу туралы бастама көтерген еді. «Әл-Жазира, ВВС сияқты ол телеарна түркі дүниесін әлемге насихаттауда оң роль атқарар еді», – деген Нұрсұлтан Әбішұлы түрік, ағылшын және орыс тілдерінде хабар таратуды ұсынған. Жуырда Стамбұл қаласында жиналған Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан мен Қырғызстан халықаралық телеар­налары мен ақпарат агенттіктерінің бас­шылары ортақ телеарнаның ұста­натын бағыты, қаржылық демеушілері мен бюджеті туралы кеңесті. Түркі Кеңесінің шеңберінде ашылатын бұл телеарна түбі бір түркінің тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі, рухани мәселелері жайлы ақпараттық-танымдық бағдарламалар дайындайды. Бүгінде арнайы құрылған жұмыс тобы құқықтық-нормативтік құжаттарын дайындап жатыр. Телеарнаны ашу туралы келісімге биыл Астана қаласында өтетін Түркі кеңесінің V саммитінде қол қойылады. ортақ телеарна Жер шарының түкпір-түкпіріне тарап кеткен түркінің бүгінгі ұрпақтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салар сөзсіз.

Related posts

«Atlas taste» түрік десерттерінің тізімін жасады

ttjk

Дадай: жергілікті тарихи мұралар

ttjk

A ‘Slow Travel Guide’ for exploring Türkiye at your own pace

editor