Тарихы терең Түркия

Биылғы жылы сәуірдің 27-сі мен мамырдың 1-і аралығында талдықорғандық әріптес Айман Асылбекова екеуімізге тарихы терең, қойнауы құпияға толы Түркияға сапар шегудің сәті түсті. Қазақстандағы Түркітілдес журналистер қоры мен оның басшысы Нәзия Жоямергенқызының тікелей қолдауы арқасында сапардың барлық шығынын ұйымдастырушылар көтерді. Осындай мүмкіндіктің арқасында ел аралап, жер көрдік. Жақсы адамдармен танысып, сапарлас болдық. Бұл сапарға көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Косово, Македония елдерінен дәл біз сияқты ондаған журналист шақырылған екен. Ұйымдастырушылар 5 күндік сапардың әр минутын бағалап, өте тығыз жоспар құрыпты.


Алғашқы сапарымыз Диярбакыр қаласының Диджле университетінде «Шығыстың үш жұлдызы атты» кіптаптың тұсаукесеріне қатысудан басталды. Кітапқа күрт, араб, түрік ақындарының өлеңдер жинағы енген. «Шығыстың үш жұлдызы» атанған күрд әдебиетінің белді өкілі молда Ахмед-и-Джезери, Факи-ий Тейран және Ахмед-и Ханидың туындылары кітап болып басылып шыққан. Өз заманының ойшылы саналған тұлғалардың шығармаларының жас ұрпаққа берер тәлімі мол. Арада қанша ғасыр уақыт өтседе әлі күнге маңызын жоймаған. Ақындардың шығармашылығын зерттеген ғалымдар тек тарихи жазбаларымен шектеліп кітап шығарып қана қоймай, сонау 16-шы ғасырдағы өлең шумақтарынан елдің болмысын, тыныс-тіршілігін танып, тарихи фильмде түсіріпті. Ғалымдар ақындардың шығармалары әлі де талай кітапқа арқау болады дейді. Айтпақшы, ауқымды жұмысқа атсалысқан Диджле университеті 1966 жылы ашылған. Түркияның 30 үздік университеттері қатарына енеді. Білім ордасында 33 мың студент білім алады екен.
Жиынға Түркияның мәдениет және спорт министрі, университет ректоры, профессорлар, жергілікті журналистер қатысты. Шарадан соң Туризм және Мәдениет министрінің орынбасары Ахмет Мисбах Демирхан мен Диярбакыр қаласының губернаторы Мунир Каралоглу журналистермен арнайы кездесті. Елдеріне сапарлап келген шет елдік журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Бұдан кейін сапарымыз құрылысы сонау 349 жылы басталған Диярбакыр қорғанында жалғасты. Бұл үлкендегі жағынан әлемдегі Ұлы Қытай қорғанынан кейінгі екінші қорған саналады екен. Ұзындығы 15 км, ені 3-5 м, ал биіктігі 10-12 м құрайды. Жаугершілік заманда қаланы жаудан қорғау үшін cоғылған қорғанның 82 мұнарасы, 4 қақпасы болған. Қорғанның құрылысына жаңбыр мен қарға төзімді базальт тасы мен цемент қолданылған. Содан да болар бұл қорған қазіргі заманға жетіп, Диярбакыр қаласының басты көзірі болып табылады. Тарихи жәдігер бүгінде ЮНЕСКО-ның қорғауында. Ұйымдастырушылардың айтуынша дәл осы қорғанды өз көздерімен көру үшін жыл сайын 1 млн турист келеді екен.

Related posts

ТҮРІК РИВЬЕРАСЫ КҮН, ҚҰМ, ЖАҒАЖАЙЫМЕН ТАРТЫМДЫ

ttjk

Enjoy the beautiful islands of Türkiye in the North Aegean

Назия Жоямергенқызы

Исторические дома в Карабуке

ttjk