«Тәуелсіздік – ең асыл құндылық!»: Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Президенттің құттықтауы:

Құрметті отандастар!

Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

Бұл айтулы күн еліміз үшін айрықша маңызға ие. Дәл осы күні халқымыз Қазақстанды дербес әрі егемен мемлекет ретінде дамыту жолын саналы түрде және түбегейлі таңдады.

Тәуелсіздік – бәрінен де қымбат құндылық! Біз ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, келер ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, осы қағидатқа әрдайым берік боламыз.

Азаматтарымыздың берекелі бірлігі, өзара жанашырлығы мен қажырлы еңбегінің, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың арқасында Қазақстан тәуелсіздікті нығайту бағытында елеулі табыстарға қол жеткізді. Қазіргі таңда әлем қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Сан алуан сын-қатерлермен қатар, жаңа мүмкіндіктерге толы тың тарихи кезең қалыптасуда.

Осы жағдайда біз жас әрі жаңашыл ойлайтын ұлт ретінде болашаққа үлкен үмітпен және сеніммен қарап, ынтымағымызды сақтай білуіміз қажет. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елді гүлденген мемлекетке айналдыру үшін аянбай еңбек етуіміз керек.

Қазір іске асырылып жатқан кең ауқымды реформалар өз нәтижесін беріп, үлкен жетістіктерге жеткізетініне кәміл сенемін. Жан-жақты жаңаруға бағытталған стратегиялық бағытымыздан айнымай, Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды бірге қалыптастырамыз.

Баршаңызға зор денсаулық, мол ырыс-несібе және толағай табыс тілеймін!

Қастерлі Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!деп атап өтілген Президенттің құттықтауында.

Related posts

Заң мен тәртіп: «Астана – есірткісіз қала» акциясы өтті

Назия Жоямергенқызы

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге Астанадан тағы екі жүк көлікпен 20 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді

ttjk

Кастамону: Деревня Касаба, мечеть Махмут-бея

ttjk