Биыл Алматы қалалық мәслихаты 2025–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Алматыдағы іс-қимыл жоспарын бекіткен болатын. Мақсат — 2024 жылдың 31 қазанындағы Үкіметтің № 910 қаулысымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру. Алматы қаласының Экология басқармасының хабарлауынша, жоспар негізгі 3 бағыттан тұрады. Біріншісі, экологиялық ойлау, оның ішінде экологиялық жауаптылықты ынталандыру шаралары. Екіншісі, экологиялық білім беру. Үшіншісі, экологиялық ағарту және оны ақпараттық жария ету. Осы 3 бағыт бойынша барлығы 45 тармақтан тұратын қысқамерзімді және ұзақмерзімді іс-шаралар қарастырылған. Қысқа мерзімді мақсаттар қатарында экологиялық құқық бұзуды тіркеуге арналған камералар санын көбейту, қоршаған орта жай-күйінің автоматтандырылған мониторингін дамыту, жасыл желектерге түгендеу жүргізу, велосипед көлігін пайдалануға арналған және электромобильдерді электрмен зарядтайтын станцияларға арналған инфрақұрылым жасау; қоғамдық көлікте жол жүруге арналған кэшбэктер төлеу мәселесін пысықтау мақсаттары бар. Ұзақ мерзімді мақсаттар қалған 38 тармақты қамтиды.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасының «Алматы — біздің ортақ үйіміз» жобасы шеңерінде Алматыда бірқатар шаруа атқарылды. Мысалы, қаладағы мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері арасында пластик қақпақтарды жинау бойынша экоакция ұйымдастырылған. Нәтижесінде қаланың экологиясына кері әсер ететін бірнеше миллион пластик қақпақ жиналыпты. Қаладағы тоқыма өнімдерін жинау және өңдеу бойынша жаңа экологиялық науқан ұйымдастырылды. Алматылқытар 1 айдың ішінде 20 мыңнан астам қажетсіз киімді арнайы орындарға өткізген.
Алматы қаласы әкімдігінің Экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Айдана Қасеннің айтуынша, 2025 жылғы 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында өткен«Алматы — біздің ортақ үйіміз» науқанында бірнеше негізгі бастама іске асырылған: «Таза көшелер» — аялдамаларды, жол белгілерін жинау, жаңа қоқыс жәшіктерін орнату — «Таза жағалау» — жағалау маңындағы аймақтар мен өзен жағасын тазарту — «Таза қала» — тұрғын аудандардағы жаппай сенбіліктер. Аталған экологиялық бағдарламаның маңызды бөлігі су айдындарын тазарту болған. Былтыр Ақсай және Қарғалы өзендерінің арналары тазартылып, күзгі-қысқы кезеңде су басудың алдын алуға мүмкіндік берген.
Қаланың қоршаған ортасы мен экологиясын жақсартуды көздейтін жұмыс барысында «Таза кәсіп — таза аймақ» акциясы, «Таза жағалау» акциясы, мектеп оқушыларымен бірге өткізілген «Болашақты бірге егеміз» ағаш отырғызу акциясы, «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы, түлектер арасында өткен «Түлектердің ағаш егуі» экочеленджі, кәсіпорындарға арналған «Қалаға арналған ағаш» акциясы, «Мерзімі өткен дәріні тапсыр — табиғатты сақта» акциясы, «Мейірімді қақпақша» акциясы, «Жасыл аула» бастамасы, сондай-ақ «Таза аула — таза қала», «Таза аула – таза аудан» байқауы өткізілген. Жеңістің 80 жылдығына орай сенбілік ұйымдастырылып, оған 50 мың адам қатысты. Нәтижесінде 10 мың текше метр қоқыс жиналып, жалпы саны 439 жасыл көшет отырғызылған. Таза қаламен бірге таза ауаны қамтамасыз ету үшін Алматыда автокөліктің ауаны ластануына қарсы бағытталған «Таза ауа» науқаны өтті. Аталған науқан шеңберінде 19 тұрақты және 3 жылжымалы экобекетте көліктерге бақылау жүргізілген.
«Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық науқанын жүзеге асыру мәселесі Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды үнемі назарында ұстайды. Жуырда өткен жиындажастардың экологиялық науқандарға көптеп қатысуына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Бүгінде қалада жастардың қатысуымен еңбек жасақтары, еріктілер қозғалысы, «Жасыл ел», «Экорейнджерлер» жобалары, студенттік қауымдастықтар мен комьюнити-орталықтар қала әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен белсенді жұмыс істеп жатыр. «Жасыл ел» жобасының шеңберінде 2 мыңнан астам алматылықжас сенбіліктер мен танымдық іс-шараларға қатысқан. 144 000 жасыл жасыл желек тексеріліп, 35 рұқсатсыз қоқыс алаңы анықталыпты. Комьюнити-орталықтар шағын экохабтар ретінде жұмыс істеп, тұрақты тұтыну мәдениеті мен ресурстарды ұқыпты пайдалану әдетін қалыптастырып отыр. Бұл бастамаларға 15 мыңнан астам алматылық жас тартылған.
Негізі «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Алматыда 170-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, 35 мыңнан астам адамды қамтыды. Қала тұрғындары сенбіліктерге, экологиялық рейдтерге және өзге де жобаларға белсенді түрде атсалысады.Тұрғындармен кері байланыс орнату үшін цифрлық құралдарды қолдану жолға қойылған. Биыл шілдеайында TazaQazBot платформасы арқылы қала тұрғындарынан 305 өтініш түсіп, басым бөлігі шешімін тапты. Қазір санитарлық тазалау, қоқыс шығару, ағаштарды кесу мен бұтау, суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жасыл қорды бақылау және проблемалық аумақтарды ретке келтіру жұмыстары қатар атқарылып отыр. Экологиялық жағдайды жақсартуға қатысты «Таза Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде қалада экологиялық бастамалар белсенді түрде іске асырылып жатыр. Қала мен оның маңайындағы қоқыс үйінділері жойылып, ағаштар көптеп отырғызылды. Өзендер мен арықтар тазартылып, ауа мен судың тазалығы құзырлы органдар тарапынан қатаң қадағалауда отыр. Алматы қаласы әкімдігінің Экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Айдана Қасен Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында.
Алматы қаласында тазалық пен тәртіпті орнатуда тұрғындар мүдделі болуы шарт. Қалалықтардың қызығушылығын арттыру үшін Алматы қаласының әкімдігі 2025 жылы Алматыда «TazaLike» (20 наурыздан 21 сәуірге дейін) ауқымды экологиялық науқанын өткізуді қолға алды. Науқан барысында Ең таза аула мен шағын ауданға конкурстар; мектеп оқушыларының қатысуымен жаппай ағаш отырғызу; PowerTech EXPO 2025 шеңберінде «Қалдықсыз болашақ» көрмесі; «Жер сағаты» — электр энергиясын саналы түрде тұтыну акциясы ұйымдастырылды. Жыл бойы қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін дамытуға және қала тұрғындарының қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға бағытталған экология бойынша білім беру бағдарламалары жоспарланды.
«Алматы — біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында 600 мыңнан астам заңсыз стационарлық емес сауда нысандарын демонтаждау, 12 мыңнан астам вандалға қарсы қоқыс жәшіктерін орнату, 4020 астам ауланы абаттандыру, 445 саябақтар мен гүлбақтарды жинау, өзендер мен көлдердің жағалауларын тазарту, қалада 5 мың ағаш пен бұта отырғызу қарастырылған. Науқанның мақсаты –тұрғындар арасында экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру.