Ақмола облысындағы Зеренді ауруханасында 39 магнит моншағын жұтып қойған балаға күрделі ота жасалған.
Науқас құсып, іші қатты ауырғандықтан ата-анасы дәрігердің қарауына алып келген. Медицина қызметкерлері балада рентген арқылы ішекке бөгде зат түскенін байқаған. Анасының айтуынша, 31 желтоқсанда ол ұлының аузынан бірнеше магнит моншағын тауып алып, жағдайы дұрысталды деп санаған. Кейін тағы бір құсқан баласын ата-анасы астан уланған деп топшылап, дәрігерге апармаған. Тек баланың жағдайы қиындаған кезде ғана жаңа жылдан кейін алып келген.
Балалар хирургі Сәлімжан Жақыпов баланы бірден тексеріп, шұғыл операцияға дайындалу үшін жансақтау бөліміне бағыттаған. Өкініштісі дер кезінде ауруханаға жеткізілмегендіктен баланың асқазанындағы бөгде зат тоқ ішек пен аш ішекке шашырап кеткен. Операцияны тәжірибелі дәрігер, бөлімше меңгерушісі Ернар Қожабеков жасаған.
«Мен көмек бердім. Лапороскопиялық тіреуіштің, монитордың көмегімен біз 39 магниттік шарды шығарып алдық. Үш күн ішінде олар ішекті зақымдап, тоқ ішек пен аш ішекті тесіп үлгерген. Бұл операция барысын қиындатты. Сондықтан ол бес сағатқа жуық жасалды. Сонымен қатар, ағзада перитонит шығып, жаралардан ірің ішекке өткен», дейді Сәлімжан Жақыпов. Оның айтуынша, жарты жыл ішінде осындай жағдай үшінші рет болып отыр. Осыған дейін 12 және 24 дана магнит жұтқан балалар да кездескен. Хирургтар төрт жасар балаға 4,5 сағат ота жасауға мәжбүр болған.