ҰСТАЗДЫҚ — ҰЛАҒАТТЫ ІС

Ұстаз — мәртебелі мамандық. Ұстаз бұл ұлағатты есім. Қазақ халқы ұстазын сыйлап, құрметтеген ел. ”Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деп адамға қарап ұстазын таңдаған. Аяулы ұстаздарымның бірі — өзім сүйіп оқитын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ. И.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейінің білікті ұстаздарының бірі — Азбаева Айжан Хамиқызы.
— Айжан Хамиқызы, өзіңіз туралы қысқаша айтсаңыз?
— Мен Жаңарқа ауданы Ш.Ералиев ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдың ауасын жұтып, суын ішіп, көп балалы отбасында өстім. Ата-анам қарапайым, елге сыйлы адамдар. Қазіргі күнде бауырларымның әрқайсысы әрбір қияда, өздерінің еңбектерін жасап жатыр. Бауырларым, ата-анам менің мақтанышым. Мен Оспан Әлібаев атындағы орта мектепті 1996жылы аяқтап, арман қуып Жезқазған қаласына келдім. Осы Жезқазған қаласындағы Ө. Байқоңыров атындағы университетке филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиет бөліміне оқуға қабылданып, оқуымды 2000 жылы аяқтадым. Қыркүйек айында қаламыздағы Қ.И.Сәтбаев атындағы №7 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, ұстаздық мамандығымның алғашқы күндерін бастадым.
— Соңғы қоңырау дегенде әрине, еске түсетін ол мектеп және ұстаз бейнесі. Жалпы осы ұстаздық жолын таңдауыңызға не себеп болды?
— Соңғы қоңырау бұл әркімнің жүрек түкпіріндегі ең үлкен сезім деп айта аламын. Себебі, ол мектеп қабырғасына қайтадан оралмайтын балалық шақтың куәсі болып табылады. Менің бұл ұстаздық жолды таңдауыма себепкер болған бастауышта білім берген Қамқаш апайым болатын. Әрине, ата-анамның да үлесі өте зор. Өйткені, ата-анам әрбір баласының ұстаз болып, елге қызмет еткенін қалаған адамдар.
— Айжан Хамиқызы сізді жыл сайын олимпиадаға оқушыларды дайындап, сол дайындық нәтижесінде оқушыларыңыздың жүлделі орын алып, биіктен көрініп жүргенін барлығымыз білеміз. Осы орайда дарынды оқушыларды қалай анықтайсыз және олимпиадаға қалай дайындайсыз? Осыған жеке тоқталып кетсеңіз.
— Әрине, дарынды оқушыны ең алдымен анықтау үшін ол оқушының бойындағы пәнге деген қызығушылығын байқау керек. Ол оқушының бойындағы туа біткен қабілетін көре білуі қажет. Сондай-ақ, оқушының шығармашылығынан хабардар болуың керек. Әрбір іске деген үлкен жауапкершілікпен қарауын басты назарда ұстап, бағыт-бағдар дұрыс қойылса, қай іс болсын нәтижиелі болары анық. Пән олимпиадасына дайындаған кезде оқушының ата-анасымен де тығыз байланыс орнатқан дұрыс. Яғни, ата-ана, оқушы, мұғалім болып үш жақтан жұмыс жасаған кезде ғана оң нәтиже болары сөзсіз. Себебі, үйде балаға дайындалуға үлкен мүмкіндік беріп, оған қолдау көрсетіп, көмектесетін бірден бір себепкер адам — ата-ана болып табылады. Бұл орайда мұғалім тек бағыт-бағдар беруші. Әлеуметтік желідегі көптеген тест жұмыстарымен жұмыс істеуі, оқушының өз бетімен ізденуі, берілген тапсырманы толық орындап, жауапкершілікпен қарау да өте маңызды.
— Алғашқы ұстаздық жолыңызда қиындықтар болды ма?
— Әрине, ұстаздық жол өте қиын да, қызықты кезең. Университет қабырғасынан келген жас маман мектеп ортасына бірден сіңіп кете алмайды. Оқушымен тіл табысу, тілін табу, ойын оқу өте қиын. Сол қиындықты жеңіп, өзінің білімі мен білігіне, білімі мен қабілетіне сеніп, үлкен жауапкершілікпен қарайтын адам ғана осы жолды жалғастырып кете алады деп ойлаймын. Ұстазға сабырлылық пен салмақтылық та өте қажет.
— Мамандық адамның қабілетіне, бейімділігіне байланысты ма?
— Мамандық — адамнан арнаулы білім, еңбек дағдылары мен іскерлікті талап етеді. Сондай- ақ, мандық қабілет пен бейімнің де көрсеткіші бола алады. Бұл орайда адам бойында ең бірінші өзіне деген сенімділік, өз мамандығына деген сүйіспеншілік, жауапкершілік болу керек. Нағыз маман баламен дұрыс қарым-қатынас жасап, ойын оқып, бала жүрегіне жол тауып, оны түсіне білуі керек.
— Айжан Хамиқызы сұхбатыңызға көп рахмет! Абырой-беделіңіз арта берсін, шығармашылық табыстар тілеймін.
Қалиева Жадыра.

Related posts

Назерке Серікболқызы: Мақсатым — халыққа қызмет ету

ttjk

Журналистерге шындықты жариялау мүмкіндігі берілсе, қоғамда оң өзгерістер болады

editor

ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

ttjk