Собордан мешітке дейін: Ыстамбұлдың басты жауһары – Айя София

 

Ыстамбұл дегенде, алдымен көзге Айя София мешіті елестейтіні рас. Сондықтан Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі және TGA (Түркия туризм таныту және дамыту агенттігі) ұйымдастырған баспасөз турымыздың дәл осы киелі орыннан басталуы заңдылық. Қатпар-қатпар тарихты қазыналы сандықтай бүгіп тұрған ғимараттың бүгінгі күнге қаз-қалпында жетуі таңғалдырмай қоймайды. Әйтпесе мұнда талай соғыс та, табиғи апат та болған.
Ыстамбұл дегенде, алдымен көзге Айя София мешіті елестейтіні рас. Сондықтан Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі және TGA (Түркия туризм таныту және дамыту агенттігі) ұйымдастырған баспасөз турымыздың дәл осы киелі орыннан басталуы заңдылық. Қатпар-қатпар тарихты қазыналы сандықтай бүгіп тұрған ғимараттың бүгінгі күнге қаз-қалпында жетуі таңғалдырмай қоймайды. Әйтпесе мұнда талай соғыс та, табиғи апат та болған.
Көпшілік Ыстамбұлдағы Айя София мешітін әлемнің сегізінші кереметі деп санайды. Бізге баз-баяғы қалпында жеткен ғимараттан христиандықтың да, араб мәдениетінің де белгілерін байқау қиын емес. Сол үшін болса керек, ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміндегі тарихи ғимаратта зиярат етуге бір жылда 13 миллионнан астам адам келеді екен. Тылсым сыры көп Айя Софияның тарихына El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі де көз жүгіртіп көрді.
Константинопльдің басты белгісі ретінде бой көтерген нысан бүгінде Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде тұр. Сондағы мақсат Соломон хан тұрғызып, кейіннен күллі еврей халқы ғибадат ететін Иерусалим шіркеуінен асып түсу болды. Дегенмен бұл жерде бұған дейін де, яғни Византия императоры Константин І тұсында шағын шіркеу болған, алайда оның 404 жылғы көтеріліс кезінде күлі көкке ұшты. Одан кейін салынған тағы екі шіркеуді де осындай тағдыр күтіп тұрды.
Ал VI ғасырда билік басындағы император Юстиниан кезекті наразылықты басу үшін әлемде теңдесі жоқ шіркеу салуды тапсырған. Міне, дәл осы оқиға Ыстамбұлдағы Айя София мешітінің бастауы саналады. Оны тұрғызу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен менмін деген сәулетшілер, математиктер шақыртылды. Осылайша 532 жылы шіркеудің негізі қаланды. Ал алғашқы кірпіші Родос аралында цемент пен майдан жасалған болатын. Одан бөлек құрылыс кезінде түрлі тастар, піл сүйегі, алтын, күміс қолданылған.
900 жыл бойы бұл шіркеу православ патриархы Константинопольдің резиденциясы болса, осы аралықта ол екі рет жер сілкінісінен зардап шегіп, құлаған күмбездер қайта тұрғызылды.
Ал XV ғасырдың орта тұсында Византия империясы құлап, шаһар Осман империясының қарамағына өткенде, Мехмед сұлтан Софияның маңына мұнаралар салуды тапсырған. Осы сәттен бастап Айя София 500 жыл бойы мұсылмандар мінәжат ететін Қағбадан кейінгі екінші орынға айналды.
Осман империясы құлдыраған соң билікке келген Мұстафа Кемал Ататүрік Айя Софияға музей мәртебесін берді. 1985 жылы ол ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді.
Ал 2020 жылғы 10 шілдеден бастап Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның шешімімен Айя София қайта мешітке айналды. Онда құлшылық етуге әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдарды көресің.
Бүгінде мешіттің жанынан арнайы музей ашылған. Бұл ¬– мінәжат ететіндерге кедергі келтірмес үшін де, қонақтардың қауіпсіздігін сақтап, сапалы қызмет көрсету мақсатында да жасалған қадам. Ал музейде нысанның сан жылдық тарихымен визуалды түрде таныса аласыз. Туристерге мәліметтер 16 тілде қолжетімді.
Түркия жайлы толық ақпаратты goturkiye.com сайтынан біле аласыздар.

 

 

Сұлтанахмет мешіті неліктен Көк мешіт деп аталады
Ыстамбұлда 3,5 мыңнан астам мешіт бар, яғни орта есеппен шаһардың 4356 тұрғынына бір мешіттен келеді деген сөз. Ал солардың ішінде ең танымалы – Сұлтанахмет мешіті. Бұл – қасиетті қалаға қадам басқан кез келген адам міндетті түрде баратын орын. Көпшілік арасында Көк мешіт деп те аталатын бұл нысан – әлемде теңдесі де, ұқсас сыңары да жоқ жәдігер. Оны көру бақыты бізге де бұйырды.
Топкапы сарайы мен Айя София мешітіне қарама-қарсы орналасқан бұл ғимарат XVII ғасырға тиесілі. 19 жастағы Ахмед I патшаның бұйрығымен Византия королі өмір сүрген қамалдың орнында бой көтерген. Сол кезеңнің бас сәулетшісі Седефкар Мехмет Ағаның арқасында мешіт әуеде қалықтап тұрғандай әсер қалдырады. Себебі шебер күмбездерді жалпақтау етіп салғызып, ал олардың құрылысы кезінде күміс және сұр түсті көп қолданған.
Мешіттің басты ерекшелігі – еденнен бастап күмбезге дейін ақшыл көк түсті 20 мыңға жуық плитканың қолданылуында. Ахмед I Сұлтанахмет мешітінің құрылысына ең үздік материалдардың пайдаланылуын жіті қадалаған деседі. Соның арқасында ислам мәдениетінің қайталанбас туындысы бүгінге дейін қаз-қалпында жетіп отыр. Дегенмен сұлтанның өзі мешіт құрылысы басталған соң араға бір жыл салып көз жұмған, сондықтан ол Көк мешіт ауласындағы бақта жерленген.
Мешіттің 260 терезесі бар, соның арқасында іші күн сәулесімен-ақ жап-жарық болып тұратындай. Қосымша төмен салбырап тұрған шамдар қойылған. Еденде қанық қызыл түсті кілем жатыр. Мешіттің тағы бір ғажап элементтерінің бірі – михраб, яғни мінәжат ететін қуыс. Ол бүтін бір мәрмәрдан соғылған. Михрабқа Қағбадан арнайы әкелінген қара тас қойылған.
Сұлтанахмет мешітін ерекшелеп тұратын тағы бір белгісі – мұнаралар саны. Әдетте мешіттерде олардың саны төртеу болса, Көк мешітте алты мұнара бар. Көп тараған аңыздардың біріне сәйкес, сұлтан «алтын минаре», яғни алтыннан жасалған мұнара тұрғызуды тапсырған, ал сәулетші қағыс естіп, алты мұнара салған. Бүгінде бұл мешіт бір уақытта 10 мың адамды құшағына сыйдыра алады.
Ыстамбұлда сапарлас болған әріптесіміз, 24.kz телеарнасының тілшісі Мерей Мұратханқызы бұл шаһардың өзіне тартып тұратын ерекше күші бар деп санайды. Мерей Сұлтанахмет мешітінің де мұсылман жұрты үшін алар орны орасан дегенді алға тартады.
Бұл Ыстамбұлға жасаған екінші сапарым. Әсерім өте керемет. Тарихы терең өңірдің сырына қаныға бергің келеді. Қызығушылығым еселене түсті, өйткені бұрын болмаған жерлерге бардық. Мысалы, Базилик цистернасы. Ондағы атмосфера мүлде бөлек. Архитектурасы да айрықша. Ал Сұлтанахмет мешітіне кіргенде бөлек күйге бөленесің. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын.
Осы сапарымызды Өзбекстан мен Әзербайжаннан келген әріптестерім де әсерлі ете түскендей. Түбі ұқсас болса да, өзгеше өрілген тілдердің тоғысуы біздің дүниетанымымызға ықпалын тигізді. Рухани және кәсіби тұрғыда өсіп келдік. Осыған себепші болған «Түркітілдес журналистер қорына» алғыс айтамын, — деді Мерей Мұратханқызы.
Айтпақшы, Көк мешіт бес жылдық жөндеу жұмыстарынан соң былтыр жазда есігін айқара ашты. Мамандардың айтуынша, электрмен қамтамасыз ету жүйесі толығымен ауыстырылып, тастары тазаланған. Сондай-ақ ғимараттың сейсмикалық төзімділігі де тексеруден өткен.
Сұлтанахмет мешітінің сәулет өнерінде ғана емес, Түркия тарихы мен мәдениетінде де алар орны ерекше. Себебі 400 жылдан астам уақыт бойы мұсылмандар мінәжат ететін киелі орын Осман империясының құдіретін аңғартып тұрғандай.
Түркия жайлы толық ақпаратты goturkiye.com сайтынан біле аласыздар.

Related posts

Satisfying and Delicious: İzmir’s Street Delicacies

ttjk

ҚАЗАҚ-ТҮРІК ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ КОНЦЕРТІ

ttjk

ӘЛЕМДІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ СЕКТОРЫ СТАМБҰЛДА БАС ҚОСАДЫ

ttjk