Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырған 9 адам сотталды: мемлекет пайдасына 52 көлік пен 402 млн теңге тәркіленді

Шымкент қаласында Nazira Gold қаржы пирамидасын құру және басқару ісі бойынша 9 адамға қатысты сот үкімі шықты. Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушылар өздерін зергерлік бұйымдар сату компаниясының өкілдері ретінде көрсетіп, азаматтарға ай сайын 20–40 пайыз табыс уәде еткен. Алайда бұл төлемдер нақты кірістен емес, кейінгі салымшылардың қаражатынан төленіп отырған.

Агенттік мәліметінше, қаржы пирамидасының қызметіне 4 мыңнан астам азамат тартылған. Келіп түскен қаражат күдіктілердің жеке мақсаттарына — қымбат автокөліктер, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алуға жұмсалған.

Сот шешімімен тоғыз адам кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге мемлекет кірісіне 402 миллион теңге, 52 автокөлік, 17 келі алтын әшекей, жеке тұрғын үй мен элиталық тұрғын үй кешендеріндегі екі пәтер тәркіленді.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды қаржылық сауаттылықты арттыруға және жоғары табыс ұсынатын күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмауға шақырды.

Фото: ҚМА баспасөз қызметі

Related posts

Комьюнити орталықтар ашылуда

Назия Жоямергенқызы

ҚАРИЯ КОРОНАВИРУСТАН ЖАЗЫЛДЫ

ttjk

Бас прокуратура үндеу жасады

editor