Сауаттылыққа үйреткен сауапты іс

Қазір айлығын шайлығына жеткізе алмай, ай соңында қарызға батып, банктен несие алып жүргендердің қатары көп. Сондықтан соңғы үлгідегі смартфон ұстауды сән көретін осы заманда қаржылық сауаттылықты арттырудың маңызы жоғарылай түсті. Бұл орайда алматылықтардың тиын-тебенді үнепдеп, кәсіптен нәсіп көрудің қыр-сыры кеңінен түсіндіріле бастады.

Қаржылық сауаттылық – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу мен тиімді жұмсай білу қабілеті. Қарапайым тілмен айтқанда, қаржылық және экономикалық үрдістерді түсіну, талдау және осы машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу деген сөз.

Жуырда Алматыда тәжірибелі мамандардың басын қосқан семинарда ресми органдардан кәсіби кеңесті онлайн платформа арқылы алуға мүмкіндік қарастырылғаны мәлім болды. Бұл жолы да халық қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алды.

Қаржы сарапшысы Екатерина Кимнің айтуынша, төлем процестерін білмеу, есептегі қателіктер, жаңа талаптарға бей-жай қарау бизнестегі өрескел қателіктерге әкеліп соғуы мүмкін. Қазір бұл мәселелердің алдын алу үшін еліміздің біршама қалаларында тренинг өтіп, сарапшылардан кеңес алу мүмкіндігі туып отыр.

2017 жылы алматылық Татьяна Бородихина бухгалтерлік қызмет көрсететін компания ашқан. Есептің үдерісі кейде көп қиындық туғызады деген кәсіпкер сарапшыларға жүгінгеннен кейін біршама мәселенің реттеліп, құжат жүргізудің жеңілдегенін айтып отыр. Бүгінде осындай іс-шараларға қатысуды әдетке айналдырған ол қаржылық сауаттылықты арттыратын мұндай жиындардың көп көмегі тигенін жасырмайды.

– Тәжірибелі бухгалтер ретінде бәрін білемін деп ойлайсың. Меніңше, кәсіпті енді бастап жатқандар үшін мұндай іс-шаралар таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Тегін мағлұмат беріп, бағыт-бағдар береді. Ең бастысы, қарапайым тілмен түсіндіреді, – дейді жеке кәсіпкер Татьяна Бородихина. Кәсіпкер бұл жолы да салық саласы талқыланған кезекті семинарды қалт жібермеген екен.

Спикер Екатерина Ким «мұндай басқосуларда қазақстандық кәсіпкерлер жиі тап болатын мәселелер талқыланып, оның шешу жолдары айтылады» деп отыр. Мәселен, кәсіптік айналым деген не, кіріс дегеніміз не? Оларды дұрыс ажыратып, салықты қалай төлеу керек және есепті қалай жүргізу керек екенін үйретіледі. «Ешкім есеп жүргізіп үйренбеген. Айыппұл санкциялары, хабарламалар, тексерулер – бәрі бизнеске салмақ түсіреді. Қазір біз Қазақстанды аралап, семинар жүргіземіз», дейді «Алматы салықтары» қауымдастығының төрайымы Екатерина Ким.

Сондай-ақ кеңес беру алаңында кәсіпкерлердің, бухгалтерлер мен заңгерлердің көкейкесті сұрақтарына мемлекеттік салық қызметінің мамандары да жауап береді.

Сонымен бірге қазіргі күні ресми органдардан кәсіби кеңесті онлайн платформа арқылы алуға да мүмкіндік жасап отырғанын айта кеткен жөн.

«Сұрақтары бар және қандай да бір себептермен мемлекеттік органдарға жете алмай жүргендер үшін платформа ұйымдастырылды. Мұнда келушілердің сауалына тікелей жауап беріп, жәрдемдесуге әзірміз», деді Әуезов ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Талғат Тұрғаев. Оның айтуынша, инновация саласындағы жетекші компаниялар осындай оқу-семинарларды еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырып жатыр. Сарапшылармен кездесу тегін әрі ашық форматта өтетіні тұрғындардың да көңілінен шығып отыр.

Сонымен қатар биыл сәуірде Алматы қаласының 12 колледжінің студенттеріне де қаржылық сауаттылық жөніндегі кейс-чемпионатқа қатысты «Тұран» университетінің алаңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Алматы қаласының 12 колледжінің  студенттері үшін қаржылық сауаттылық тақырыбы бойынша «Финатлон» II кейс-чемпионаты болып өтті. Іс-шара қаржы саласында күрделі бизнес-кейстерді шешуде өз білімдерін көрсеткен 500-ден астам дарынды қатысушыларды жинады.

Мұнда жастар қаржылық сауаттылық тақырыптарына викторина және инвестициялық жобаларды қорғау бойынша көп мағлұмат алды. Өз кезегінде студенттер түрлі инвестициялық жобалар мен есептеулері берілген  бизнес-идеялармен таныстырды. Мысалы, санитайзер-білезіктер, жеуге болатын стақандар шығару, қазақ мәдениетін дамыту үшін бірегей этно-хаб әзірлеу, заманауи оқыту әдістемесімен қазақ тілін үйрену үшін курс құру, отандық косметика өндірісі туралы ақпараттарымен бөлісті.

Өз кезегінде шараға қатысушылар қаржылық сауаттылық бойынша осындай аса маңызды чемпионат үлкен тәжірибе бергенін алға тартқан. Айта кету керек, мұндай шаралар шаһарда жиі болады. Мәселен, былтыр да Алматыда қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиада өткізіліп, жеңімпаздарға жоғары оқу орнының гранты табысталды.

Екі кезеңге созылған іс-шараға елдің 14 өңірінен 3224 оқушы қатысқан. Ал үздіктер анықталған ақтық сынға 73 бала іріктеліп, оның 10-ы түрлі дәрежедегі білім грантына ие болғаны есте. Бұл кезде де қаржылық сауаттылық тақырыбында көпшілік біле бермейтін тың ақпараттар көп болды. Айталық, алаяқтық артқан уақытта қаржылық тұрғыда сауатты жастар заңсыз істердің жолын кесудің әдіс-тәсілін меңгеріп қайтты. Яғни түлектердің экономикадағы тәуекелдер мен қатерлерге қарсы тұруын қамтамасыз етуге бағытталған мұндай жиындар ертеңгі күні өз қалтасындағы қаржының тиімді мақсаттарға жұмсалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, ел экономикасының өркендеуіне жол ашары анық.

Related posts

Түркиядағы Caretta carettas тасбақаларының фантастикалық саяхатының куәсі болыңыз

ttjk

ÇATALHÖYÜK INTRODUCES STATE-OF-THE-ART VISITOR CENTRE

Назия Жоямергенқызы

Футбол: Ұландар ұлт намысын қорғайды

ttjk