Елімізде Мектеп мұғалімдерін төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау қарқынды сертификаттау бағдарламасы басталды.
Бүгін Астанада білім беру мекемелерінде табиғи және техногендік ТЖ кездерінде қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін дамытуға бағытталған мұғалімдерге арналған «SAQ-2024» білім беру жобасының бірінші кезеңі басталды. Жобаны «Шеврон» компаниясының қолдауымен Caravan of Knowledge КҚ мен Ұлттық еріктілер желісі әзірлеп, іске асырып жатыр. Жобаның серіктестері Төтенше жағдайлар министрлігі және Оқу-ағарту министрлігі.
“Төтенше жағдайларда адамдардың қауіпсіздігі мәселесінің өзектігін ескере отырып, біз төтенше жағдайдың алдын алу және оның барсында әрекет ету саласындағы білім мен дағдыларды арттыруға бағытталған мұғалімдерді оқыту бастамаларыңызды қолдаймыз. Министрлік «SAQ-2024» жобасын мақұлдайды және оны қолдауға дайын”, деді Оқу-ағарту министрлігі.
Жобада Абай, Атырау және Қостанай облысынан 18 мұғалім қатысады, олар болашақта SAQ қауіпсіздік офицерлері болып, өз мектептерінің оқушылары мен мұғалімдерінің қауіпсіз мінез-құлық бойынша білімдерін кәсіби түрде арттырып, қауіп-қатерлердің алдын алып, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар барысында игерген дағдыларды іске асыруға дайындайды. Қазақстанның барлық аймақтарындағы жалпы білім беру мектептерінің 200 педагогі онлайн форматта оқып жатыр.
Жоба аясында 2024 жылғы қазанның 8 мен 11 аралығында онлайн және офлайн форматтарда мұғалімдерге арналған сертификатталған тренерлік бағдарлама өтті.
Семей қаласының мұғалімі Нұргүл Кітапбаева “Қазіргі заманда қауіпсіздік бірінші орында, төтенше жағдайдың алдын алу жобасы аясында алған білімдеріміз өте құнды әрі маңызды болды. Жобаның бізге берген тың білімі: төтенше жағдайлардың түрлері, оларға дайындық, алғашқы көмек көрсету әдістері және қауіпті жағдайларда әрекет ету бойынша көптеген пайдалы ақпарат алдық. Мұндай жобаның маңызы өте зор, себебі қазіргі уақытта әрбір мұғалім мен оқушы осындай жағдайларға дайын болуы қажет. Жобада талқыланған тақырыптар күнделікті өмірде орын алуы мүмкін, сондықтан да бұл білімдерді оқу процесіне енгізу аса маңызды”, дейді.
«SAQ-2024» жобасы оқытудың инновациялық компоненттерін енгізумен қатар білім беру бағдарламасында сертификаттық құрамының бар болуымен ерекшеленеді. Заманауи цифрлық технологияларды, ынталандыру жаттығулары мен ойындарды пайдалану оқушылар мен мұғалімдерге материалды жақсырақ түсініп, игеруге, сонымен қатар ТЖ кезінде әрекет ету дағдыларын іс жүзінде жүйелі түрде ұйымдастырылатын оқуда бекітуге көмектеседі. Осының бәрі әдеттен тыс жағдайлардың кері әсерінің алдын алуға және ТЖ-ға дайын педагогтар мен оқушылар қауымдастығын құруға, білім беру мекемелерінде қауіпсіз мінез-құлық мәдениеті мен менталитетін әзірлеуді қамтамасыз етуге көмектеседі.
Жоба қатысушыларына STEM компонентін пайдалана отырып, жоба тақырыбы бойынша оқу-әдістемелік кешенін дамытуға грант беру жобасына қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Келесі жылдың наурызында жобаның серіктес мектептері табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ға оқушылар мен мұғалімдерінің әрекет ету алгоритмдерін және іс жүзінде дайын екенін көрсете алатын республикалық оқу өткізу жоспарланбақ.