Қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы SARAP эксперттік клубының алаңында «Ұрпаққа AMANAT» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Ермұхамет Ертісбаев, Айқын Қоңыров, Ерлан Саиров, Мәдина Нұрғалиева, Асхат Рахымжанов, Ғазиз Әбішев сынды саяси қайраткерлер, саясаттанушылар және басқа да сарапшы мамандар қатысты.
SARAP эксперттік клубының отырысын ашқан Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Қазбек Өмірзақұлы күн тәртібіндегі қазақстандық саяси өмірдің негізгі жаңғыру тетіктері мен AMANAT партиясының ребрендингі жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Бүгінгі күні қалыптасқан жағдай бойынша партияның дамуы сервистік және «адамға бағытталған» модельде болуы шартты екенін атаған Басқарма Төрағасы еліміздегі ең үлкен саяси құрылымның халық пен билік арасындағы негізгі байланыс көзі болып қала беретінін айтты.
«Біздің бүгінгі кездесуіміз қаңтар айындағы қайғылы оқиғалардан кейін күн тәртібіндегі «Жаңа Қазақстанды» құрудың және мемлекеттік саяси жүйенің толық трансформациялану процесін сарапшы-мамандармен бірге жан-жақты талқылауға бағытталған. Бүгінгі таңда ресми билік Үкіметтің құрамын жаңартудан бастап, билеуші партияның толық ребрендингімен осы үлкен міндетті орындауға кірісті. Бұл тұжырымдаманың басты мақсаты – жүйелі реформалар арқылы халықтың әлеуетін көтеру және қоғамның тұтас, тұрақты дамуын ұйымдастыру», – деді ҚҚДИ Басқарама Төрағасы.
Сарапшылардың пікірінше, жыл басындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын түбегейлі өзгертіп, ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болуы керек. Олар қаңтардағы оқиғалар қазақстандықтардың саяси белсенділігіне қалай әсер еткенін және азаматтардың саяси көңіл-күйлеріне өзекті өлшеулер жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.
Ермұхамет Ертісбаев Қазақстандағы партиялардың алдында үлкен міндет тұрғанын, ол ең алдымен Президент Әкімшілігіне жүктелетінін атап өтті.
«Президент Әкімшілігі елдегі саяси менеджментті жүзеге асырады. Бұл бағытта, оның ішінде партияның тұрақты құрамын қысқарту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын білемін. Күрделі халықаралық жағдайға қарамастан жаңа саяси партияларды тіркеу мүмкіндіктерді қажет етеді. Бұл тұрғыда AMANAT партиясына оңай болмайды, дегенмен партияның тәжірибесі, құрылымы, адамы, аппараты бар», – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Ерлан Саировтың айтуынша, жалаң саяси реформа елдегі мәселені түпкілікті шешпейді. Ол үшін ең алдымен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру керек.
«Саяси реформа керек. Алайда жалаң саяси реформа жасап, Парламентке 5-6 партияны кіргізіп, азаматтардың барлығы саясатқа араласып, бірақ әлеуметтік модернизация жасамасақ, онда қанды қаңтардың қайталануы әбден ықтимал. Демек, саяси тұрақтылықты қалыпқа келтіру тек қана саяси реформалармен шектелмейді. Ең алдымен, халықтың әлеуметтік деңгейін көтеру керек. Біздегі 19 млн халықтың 1 миллионының әлеуметтік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен», – деген Е.Саиров шекара аймақтардағы ауылдардың инфроқұрылымын дамытудың маңызды екенін де атап өтті.
Халықтың арыз-шағымының 60 пайызы сот шешімдеріне байланысты екенін айтқан ол сот институтына да өзгерістер керек екенін жеткізді.
«Саяси аспект деген кезде, бірінші, сайлау жүйесіне либерализация жасауымыз, екінші, әлеуметтік модернизация жасауымыз керек. Үшіншіден, сот реформасы. Мәжіліске келетін арыздардың және аймақтарда жүргендегі халықтың ең көп арызы соттардың шешімдеріне байланысты болады. Соттардың шешімдері түсініксіз, логикасыз, гуманизмге сәйкес келмейтін болып кеткен. Сондықтан біз сот реформасын да жасауымыз керек. Соттар да халықтың мүддеесіне жұмыс істеуі тиіс», – деді Ерлан Саиров.
АMANAT партиясы қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева бүгінде қоғамда мемлекеттік саясаткер-кәсіпкерлерге сұраныс өте жоғары екенін атап өтті.
«Бүгінгі жағдайда саяси партияларға түсетін жүк ауырлайды. Өте көп жұмыс істелуі керек. Олардың саяси жауапкершілігін анағұрлым айқын көрсетіп, тиімділігін дәлелдеу керек», – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 1 наурызда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезінде депутаттар партияның атауын AMANAT деп өзгертуге дауыс берді. Сонымен қатар, партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияны трансформациялау бағдарламасымен таныстырған болатын.