Ресеймен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді. Оның барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин арасында екіжақты сауда көлемін арттыру бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары қаралды. Өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға назар аударылды.

Ресей – Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Былтыр 11 айда өзара сауда көлемі $24,2 млрд-қа жетті. Екі мемлекет басшылары арасындағы тауар айналымын $30 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі уағдаластықтарына қол жеткізу мақсатында тасымалданатын тауарлар аталымын кеңейту маңызды. Экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асырудың оң нәтижелері атап өтіліп, алдағы кезеңге жаңартылған бағдарламаны әзірлеу қажеттігі нақтыланды.

2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 5%-ға өсіп, $3,2 млрд-тан асты.  Өнеркәсіп кооперациясы саласында бүгінгі таңда $18,6 млрд-қа қазақ-ресейлік 99 жоба іске асырылды. Қазақстанда жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды. Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау жоғары қарқынмен дамып келеді. Осыған байланысты автокөлік және теміржол инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ су көлігі саласында жаңа баламалы бағыттар ашуға көңіл бөлініп жатыр.

«Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Маңызды міндет – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Қазақстан Үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын», деп атап өтті Олжас Бектенов. Ал Михаил Мишустин «Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз достық, тату көршілік, өзара сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген» деп атап өтті. Оның айтуынша, Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қарым-қатынастарымызды одан әрі дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Екі ел үкіметтерінің міндеті — көшбасшыларымыз қол жеткізген келісімдердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Related posts

eGov Mobile қосымшасына жаңа қызмет қосылды

editor

Түркияның ең ұзақ қашықтықтағы велосипед жолдарымен танысу

ttjk

Сайлауға неше партия қатысады?

ttjk