ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ Қытайда өткен Weixin Open Class PRO 2026 іс-шарасы аясында халықаралық технологиялық шешімдер конкурсының жүлдесіне ие болды. Отандық команданың жобасы «Жылдың жаһандық цифрлы жолашары» аталымына лайық деп танылды.
Weixin Open Class PRO – Weixin/WeChat экожүйесінің жыл сайынғы ең ірі іс-шараларының бірі, мұнда әлем елдерінен 3-4 мыңға дейін қатысушы жиналады: мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ әзірлеушілер мен технологиялық инноваторлар бас қосады. Биылғы жиын Weixin платформасының 15 жылдығына арналды.
Weixin шағын бағдарламасының – Silk Road Express цифрлы жобасы халықаралық қазылар алқасының тарапынан жоғары бағаланды. Ол электронды кезекті реттейтін шекарадан өтуге арналған қазақстандық жүйе CargoRuqsat мемлекеттік сервисімен интеграцияланған. Бұл шешім қытайлық тасымалдаушылар үшін мемлекеттік және логистикалық қызметтерді цифрлы форматта ұсынып, соның ішінде шекарадағы электрондық кезекті, төлемдерді, хабарламаларды және сервистік қолдау көрсетуді көздейді.
Озық өнім Қазақстан мен Қытайдың арасындағы трансшекаралық логистиканың тиімділігін арттырды. Аталған жоба Қазақстанның мемлекеттік цифрлы инфрақұрылымын Weixin халықаралық экожүйесімен іс жүзінде интеграциялаудың үлгісіне айналып, ауқымды трансшекаралық заманауи сервистің эталоны ретінде таныстырылды.
Weixin Mini Program-ды қытайлық жүргізушілер мен логистикалық компаниялар бірыңғай цифрлы терезе ретінде пайдаланып келеді: шекарада кезекті брондау, Weixin Pay арқылы төлем жасау, хабарламалар мен авторизация кодтарын алу. Бұл ретте барлық қолдау қытай тілінде көрсетілетінін атап өткен жөн. Weixin – қытайлық пайдаланушыларға жақын әрі икемді форматта қызмет көрсету арналған тетік.
Осы жеңіс отандық цифрлы шешімдердің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін байқатып, мемлекеттік сервистерді халықаралық цифрлы экожүйелерге интеграциялаудың әлеуетін көрсетті.
ҚР Қаржы министрлігінің Баспасөз қызметі
