Президент жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірқатар өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралады. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты.

Мемлекет басшысы «KamLitKZ» ЖШС шойын құю зауытына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытымен танысудан басталды. Кәсіпорын өңірдің индустриялық аймағында орналасқан. Президент жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнын аралап көрді. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Гуртовой зауытта жылына 45 мың тонна шойын құймасы өндірілетінін айтты. Құны 78,2 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысына жобаға Қазақстанның инженерлері мен технологтары атсалысып жатқаны баяндалды. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі тәжірибелі инжиниринг компанияларының сарапшылары мен еуропалық машина жасаушылар тартылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа шойын қорыту және қалыпқа құю, сондай-ақ бұйымды өңдеу секілді жұмыстардың толық процесі көрсетілді. Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру және энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға әсері аз. Қазіргі уақытта мұнда 30 робот бар. Олар анағұрлым күрделі әрі ауыр технологиялық операцияларды орындайды.

Мемлекет басшысы озық технологиялармен жабдықталған кәсіпорынға оң баға берді Бұдан соң зауытта еңбек ететін отандық жас инженерлермен әңгімелесті.

– Бүгінде біз жұмысшы мамандарды қолдап жатырмыз. Ол жөнінде Жолдауымда да айттым. Келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияладық. Еңбек – қашан да құнды. Бұл жерде кіл жастар жұмыс істейді екен. Біз ірі және шағын кәсіпорындарда қызмет ететін мамандарды, әсіресе жастарды міндетті түрде қолдаймыз. Елімізде еңбек өтілі 100, 200 жылды құрайтын, тіпті одан да асатын жұмысшылар әулеті бар. Сондықтан біз осындай отбасыларға, әулеттерге құрмет көрсетеміз. Сіздер секілді жастардың өмір жолы енді басталып жатыр. Еліміздің дамуына зор үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа өндірілген цилиндрлар блогына қолтаңба қалдырып, жоба қатысушыларына Қазақстанның машина жасау кластерін дамытуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірге инвестиция тарту жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, индустриялық сектордағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, металлургия, машина жасау және логистика салаларындағы жаңа жобалар туралы баяндады. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жоспар іске асырылған кезде, жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе өсіп, жыл сайынғы бюджет түсімі 75 миллиард теңгеге ұлғаяды. Сондай-ақ орташа жалақы мөлшері 1,5 есе артып, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Президент KIA автомобиль зауытының құрылысымен танысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды. Президентке құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталғаны туралы баяндалды. Жоспарға сәйкес, конвейерден алғашқы көлік сынақ режимінде келесі жылдың шілде айында шығарылады.

KIA Qazaqstan бас директоры Ким Дэ Ки зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылатынын жеткізді. Автокәсіпорын бастапқы кезеңде Sorento моделін шығаруды жоспарлап отыр. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған Sportage моделі құрастырылады.

Президентке KIA зауыты жылына 70 мыңға жуық автокөлік шығара алатыны жөнінде мәлімет берілді Кәсіпорында жаңадан 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мұнда өндірістің тиімділігін арттыруға әрі экологиялық тұрғыдан зиянсыз етуге бағытталған технологиялық шешімдер қолданылады. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу және құрастыру жұмыстарына 70 робот пайдаланылады. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды, оның 80 пайызға жуығы тікелей шетелдік инвестицияның үлесінде.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа зауыттың жанынан қосалқы бөлшектер өндірісінің кластерін құру жобасы таныстырылды. Бүгінде Локализация орталығының құрылысы басталған. KIA компаниясы автокөлік компоненттері мен қосалқы бөлшектерін өндіруші жаһандық компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. КСС Corporation компаниясы автокөлік компоненттері бөлімінің басқарушысы Пак Сэйон мен Seoyon Ehwa Global компаниясы жаһандық бизнесті басқару тобының жетекшісі Чанг Сэоквон Оңтүстік Кореяның өндірушілері Қазақстанда өз өндірісін ашуға әзір екенін айтты.

Related posts

Бас есепші бюджеттен 117 миллион теңге жымқырған

editor

Эрджиес: на вершине Анатолии

ttjk

Болашақтың смарт сарқырамасы

editor