Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Қазақстан барысы – 2025» республикалық турнирінің жеңімпазы Марат Байқамұровты жеңісімен құттықтады.
Президент өз құттықтауында спортшының ерекше дайындық пен табандылық танытып, көрермендердің зор құрметіне ие болғанын атап өтті.
«Марат Байқамұровты қазақ күресінен өткен “Қазақстан барысы – 2025” турниріндегі жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Ол жоғары шеберлік көрсетіп, жанкүйерлердің ықыласына бөленді. Мемлекет алдағы уақытта да қазақ күресінің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады», – делінген Президенттің құттықтауында.
Айта кетсек, кеше Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен XV республикалық «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық белдесулері өтті.
Ақтық айқаста Марат Байқамұров пен Ерасыл Қажыбаев күш сынасты. Байқамұров қарсыласынан басым түсіп, биылғы жылдың басты белбеуін иеленді.
Жарыс нәтижесінде:
-
Марат Байқамұров – алтын белбеу иегері;
-
Ерасыл Қажыбаев – күміс жүлде иегері;
-
Нұрдәулет Жарылғапов – қола медаль иегері атанды.
Бұл жеңіс отандық спорттағы қазақ күресінің беделін арттырып, ұлттық рухты тағы бір мәрте көтерген маңызды оқиға болды.