Қошқарбаев туы қайта көтерілді: Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті

Астанадағы «Қазақ елі» алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты.

Парадты Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды. Мемлекеттік Ту мен Жеңіс Туын Мемлекеттік күзет қызметінің ту ұстаушылары салтанатты түрде алып шықты. Жеңіс Туы – 1945 жылы 30 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің тарихи маңызын атап өтті. Президент майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанғанын, олардың жартысы Отан үшін жанын пида еткенін айтты. Тылдағы еңбеккерлердің жанқиярлық әрекеттері де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстаннан майданға мыңдаған вагон азық-түлік пен киім жөнелтіліп, қысқа мерзім ішінде қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери киім өндіретін зауыттар іске қосылғаны атап өтілді.

Президент ел бойынша 500-ге жуық көшеге батырлардың есімі берілетінін, сондай-ақ «Батырларға тағзым» атты шеру ұйымдастырылатынын жеткізді. Бұл шеруде майдангерлердің ұрпақтары ардагер аталары мен апаларының суреттерін алып жүрмек.

Әскери парадқа 4,5 мыңнан астам әскери қызметкер қатысты. Олардың қатарында 200-ден астам әскери әйел мен 250 кадет сап түзеді. Механикаландырылған колонна құрамында 300-ден астам әскери техника жүріп өтті. Астана аспанында 66 әуе кемесі қалықтады.

Бұл парад – еліміздің батыр бабалар рухына бас июі мен қазіргі Қарулы Күштерінің айбынды келбетін танытқан тарихи сәтке айналды.

Нұрай Даулетжанқызы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Компьютерлік технологиялар кафедрасы Медиажурналистика мамандығының 1-курс студенті

Related posts

Island Time: Ulla Johnson Shares Her Travel Diary From Greece

ttjk

Экология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен және аумақтық департаменттермен атмосфералық ауаның сапасын жақсарту туралы кеңесті

Назия Жоямергенқызы

Қазақстандықтар енді телефон арқылы сөйлесіп тұрған сәтте мобильді аударым жасай алмайды

Назия Жоямергенқызы