Шымкенттік кәсіпкер балалар орталығының орнына мемлекет жеріне аттракциондар паркін салған.
2011 жылы ЖШС қала орталығында орналасқан саябақтан 4 гектар жер телімін жалға алған. Бірақ кәсіпкер балалар орталығын салу міндетін алғанымен, оның орнына «Қиял әлемі» ойын-сауық саябағын орналастырған. Соңғы жылдары бұл орында өрт шығып, екі студент пен бір адамның өліміне әкеліп соққан келеңсіздіктердер орын алған. Әкімдік ЖШС-ның жалдау шартының талаптарын бұзғанын алға тартып, оны жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініпті. МАЭС-ы және апелляция ЖШС-не жер телімін коммуналдық меншікке қайтаруды міндеттеген.
«Бұл шешім заңды күшіне енгеннен кейін әкім саябақтағы заңсыз салынған құрылыстарды ЖШС есебінен бұзып, жер телімін бұрынғы қалпына келтіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Сотта ЖШС жер теліміне орналасқан аттракциондарды, әткеншектерді және басқа да құрылыстарды пайдалануға қабылдау актілерін заңнамада белгіленген тәртіппен ресімдеу туралы дәлелдемелерді ұсынбаған», делінген хабарламада. Сот осы мән-жайларды, сондай-ақ ЖШС-ның жер телімін заңсыз пайдалану дерегін ескере отырып, талап қоюды қанағаттандырып, ЖШС-ны рұқсатсыз иеленген 4 гектар жер телімін ғимараттарды бұзу арқылы бастапқы күйіне қайтарып босатып беруді міндеттеген. Алайда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.