Қордың ақшасына қол салған ба?

Кәсіпкер, Instagram әлеуметтік желісінде 500 мыңнан астам оқырманы бар танымал блогер Перизат Қайрат ұсталды.

Қаржы мониторингі агенттігі еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысына қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. «Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Қайырымдылықтан түскен ақшаның көбі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалған», делінген агенттік таратқан хабарламада.

Мысалы, биыл көктемде блогер Астанадағы автосалондардан 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» сатып алған. Бұған қоса елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жалпы сомасы  600 млн  теңгені құрайтын үйлер сатып алған. Бұдан бөлек, Перизат Қайрат қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген ақшасына Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерінде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталар жалдаған.

«Қылмыстық схеманы іске асыру үшін достары мен туыстарына 8 пайыз сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған. Күдікті ұсталды», деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.

ҚМА Перизат Қайраттың алаяқтығынан құрбан болған азаматтарды +7 (7172) 70-33-89 (қосымша 21384) телефон нөміріне хабарласуды сұрайды.

Related posts

“Дала сыры, тау жыры” Қазақстан ішіндегі саяхат туралы балалар кітабы шықты

ttjk

Германия канцлері «Ақордаға» келді

editor

Электр энергиясының бағасы қымбаттайды

editor