Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қысқы IX Азия ойындарына дайындық барысы қаралды.
Үкімет мүшелерінің алдында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы Қытайдағы IX қысқы Азия ойындарының 10 жарыс тәртібі бойынша барлық алты спорт түріне қатысады. Алдағы бәсекеге команданың дайындығы туралы айтқан ол команданың құрамы бекітілгенін жеткізді. «Азия ойындарына 138 спортшы аттанады. Олар 51 медаль жиынтығы үшін күресуі керек. Биатлоншыларға, шаңғышыларға, конькимен жүгірушілерге, сондай-ақ қазіргі Азия чемпиондары болып саналатын хоккейшілерге үлкен үміт артылады. IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-тректің өкілі Ольга Тихонова ту ұстайды» деді ол.
Ал Премьер-министр ірі спорттық іс-шаралар өткізу халықтың қысқы спорт түрлерімен айналысуға деген қызығушылығын арттыра түсетінін, сондай-ақ туризмге тың серпін беретінін атап өтті. Бұл ретте қазақстандықтар үшін спорт инфрақұрылымы қолжетімділігінің маңыздылығы атап өтілді.
«Барлық спорт объектілері қалың көпшілікке қолжетімді болып қалуға тиіс. Бұл спортпен шұғылданушылар санын арттырып, осы нысандар айналасында бизнестің дамуына жол ашады. Әкімдіктер мен кәсіпкерлер аталған бағытта белсенді жұмыс істеуі керек», деді Олжас Бектенов. Сонымен қатар Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп инвесторлар тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдай жасау, оның ішінде Алматымен қатар Алматы облысында, Шығыс Қазақстанда және басқа аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бүгінде ең танымал қысқы демалыс орындарының бірі – Шымбұлақтың тәуліктің жүктемесі жобалық қуатынан асып түсті. былтыр келушілер саны 1,5 млн-нан асты.