Олжас Бектенов: Байланыс операторларының бағалық сөз байласу мен тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуін, міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету қажет

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы интернет пен мобилді байланыс сапасын жақсарту мәселелері қаралды. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин, бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

Қазақстан халқын сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді.

Қазір интернетті пайдаланатын ел халқының үлесі дамыған елдер деңгейінде тұр. 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5%-ға, абоненттер саны 12,9%-ға өсті. Speedtest Ookla деректеріне сәйкес, Қазақстан орташа интернет жылдамдығымен әлемде 66-орында (43,6 Мбит/с).

Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерде байланыстың қолжетімділігі мәселесі қаралды. Мәселен, бүгінде 6 290 ауылдың 2 606-на оптикалық желі тартылды, мобилді интернет 4 866 елді мекен тұрғындарына қолжетімді. Қолданыстағы салық жеңілдіктері шеңберінде 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылған.

Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне сәйкес 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ұлттық жоба аясында МЖӘ тетігі арқылы 3010 ауылда оптикалық байланыс желісін тарту көзделіп отыр. Жобалар қорытындысына сәйкес 2,4 млн адам интернетке қол жеткізеді деп күтілуде. Барлық жобалар байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестициялар тартуды көздейді.

Республика бойынша 20 қалада 1 144 5G базалық стаса орнатылған. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамыту бойынша жұмыстарды жалғасады. Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторларының салаға салатын инвестиция көлемі 450 млрд теңгеден асатын болады.

Үкімет басшысы жылдам интернет – цифрландырудың негізі, ал байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екенін атап өтті. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі қажеттігі, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобилді интернеттің маңыздылығы атап өтілді.

Олжас Бектенов еліміздегі байланыс пен интернеттің сапасына назар аударды. Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті, биылғы жылғы 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтаған.

Мәселе тек шалғай елді мекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес, ірі қалаларға, сондай-ақ шекара маңындағы пункттерге де әсер етеді. Бұл мәселелерді кідіріссіз шешу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту тапсырылды.

«Операторлардың әдетке айналдырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке назарды талап етеді. Бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерін мемлекеттік реттеу алып тасталғаны белгілі. Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда, әзірге бұл байқалмай отыр – операторлардың барлығында бағалар шамамен бірдей. Бұдан басқа, Салық кодексінің шеңберінде операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90% мөлшерінде жеңілдік көзделген. Осы ретте операторлар лицензиялық міндеттемелерге сәйкес үнемделген қаражатты байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестициялау тиіс. Сондықтан Министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп операторлардың өз міндеттемелерін толыққанды орындауын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет», — деді Олжас Бектенов.

Қазақстанда Каспий теңізінің түбімен және еліміздің Батысынан Шығысына дейін талшықты-оптикалық маршрутты жүргізу бойынша ірі жобалар іске асырылуда. Отандық оператор – «Қазақтелеком» АҚ. Жобаны іске асыру Еуропа мен Азия арасындағы деректер транзитінде республиканың үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ ірі Big Tech-компанияларды тартуға әрі ұсынылатын контенттің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде тұтастай алғанда, елімізге мультипликативті әсер ететін болады.

Олжас Бектенов мұндай маңызды жобаларды іске асыру бейінді министрліктің ерекше бақылауында болуға тиіс екенін атап өтті.

Қазақстандағы интернет пен байланыс сапасы мәселесін қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді:

Цифрлық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп бастапқы кезеңде үш ай мерзім ішінде облыс орталықтарындағы байланыс сапасы нашар аймақты анықтау бойынша талдау жүргізіп, мобилді байланыс қызметтерінің сапасын арттырудың нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет. Бұдан әрі азаматтардан түскен өтініштерді ескере отырып, аталған жұмысты барлық елді мекендерде жүргізу қажет.

Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерді орындау мәселесін жүйеге келтіру керек. Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп жүктелген міндеттемелерге сүйене отырып, екі ай мерзімде жаңа 4G базалық станцияларын орнату, тіркелген интернеттің ескі жабдықтарын ауыстыру жоспарын бекітуі қажет.

Су тасқыны жағдайы кезеңінде бірқатар өңірлерде электрмен жабдықтау және базалық станциялардың ажыратылу проблемаларына орай байланыс үзілген болатын. Цифрлық даму министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп бір ай мерзімде төтенше жағдайлар кезеңінде спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану мүмкіндігі мәселесін қарастыруы керек.

Related posts

ПЕДАГОГТАРҒА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ

ttjk

BURSA: GELENEKTEN GELECEĞE AKAN ŞEHİR

ttjk

Türkiye: Mersinli firma Kazakistan’da organik bayrağını dalgalandıracak

ttjk