Өндіріс саласында ортақ бренд қалыптастыру маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Германия» бизнес форумында сөз сөйледі.

Президент өз сөзін Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц пен осы елдің ірі бизнес өкілдеріне аталған форумға қатысқаны үшін ризашылық білдірумен бастады. Мемлекет басшысының айтуынша, Канцлердің ресми сапары қазақ-герман қатынастарында маңызды кезең басталғанын білдіреді әрі өзара ықпалдастықты тереңдету үшін мол мүмкіндікке жол ашады.

 

– Елдеріміз арасындағы тығыз дипломатиялық қарым-қатынастар кең ауқымды экономикалық байланыстардың дамуына ықпал ететін негізгі фактор саналады. Германия дүние жүзіндегі ірі әрі ең дамыған экономикалардың бірі ретінде өндіріс, технология, жасыл экономика және инновация салаларында әлемдік стандарттарды айқындайды. Неміс өнімі өзінің ерекше сапасымен және сенімділігімен баршаға мәлім, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, былтыр екіжақты тауар айналымы 41 пайызға ұлғайып, 3,9 миллиард долларды құрады. Германиядан келетін тікелей инвестиция да едәуір артқан. Оның мөлшері 64 пайызға өсіп, 770 миллион долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

«Біз жалпы құны 55 миллиард доллар болатын 66 бірлескен инвестициялық жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Германия кәсіпорындары елімізге көбірек келіп, «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» деген ортақ бренд аясында жергілікті өндірісті жолға қояды деп үміттенеміз»,  деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан білім мен инновацияға негізделген жаңа экономикалық парадигманы ілгерілетіп жатқанына назар аударды. Осы мақсатқа жету үшін Қазақстан түбегейлі экономикалық және әлеуметтік реформалар жүргізіп жатыр. Экономиканы либерализациялауды көздейтін мұндай шаралар, ең алдымен, әділ бәсекелестікті және кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Экономикалық өсімге қол жеткізу үшін Қазақстан жаңа инвестициялық циклді бастады. Оның аясында 2029 жылға дейін шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Related posts

ПЕДАГОГТАРҒА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ

ttjk

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АВТОБУСТАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ttjk

ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ СТАМБҰЛДА “БІРЛІК” ҰЙЫМЫН ҚҰРДЫ

ttjk