Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Антониу Коштамен келіссөз жүргізді.

Президент бұл сапардың Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығымен тұспа-тұс келуінің ерекше маңыздылығын атап өтті. Қазақстан – өңірде мұндай ауқымды келісімге қол қойған алғашқы мемлекет.

– Сіздің сапарыңызға айрықша мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы жан-жақты әріптестікті тереңдетуге екі тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен сенімге негізделген орнықты әрі нәтижелі серіктестікті қолдаймыз. Саяси диалогымыз көптеген бағыт бойынша жоғары қарқынмен дамып келеді. Осы ретте жақында Брюссельде өткен «ЕО – Қазақстан» ынтымақтастық кеңесінің қорытындысын жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еуропа Одағы – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және инвесторы. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 50 миллиард доллар шамасында болды. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына салынған еуропалық инвестиция көлемі 200 миллиард долларға жуықтады. ЕО–ның Орталық Азия елдерімен саудасының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Тоқаев энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіп салаларында жұмыс істейтін 4 мыңнан астам еуропалық кәсіпорынның еліміз экономикасына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның еуропалық инвесторларға қолайлы және ашық жағдай жасауға ниетті екенін айтты.

Мемлекет басшысы гуманитарлық байланыстардың дамуына назар аударып, Еуропа Одағының білім беру бағдарламалары арқылы 5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушының Еуропада білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтағанын атап өтті.

Сондай-ақ Президент визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісім әзірлеу жұмыстарының басталғанын құптады.

Қазақстан Еуропа Одағы мен Орталық Азия арасындағы С5+ЕО форматындағы ынтымақтастықты қолдайтынын жеткізді. Бұл алаң өзара байланыс пен орнықты даму бағыттарында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, С5+ диалогы өңірдің ортақ мақсаттарын жүзеге асырудың тиімді құралына айналды.

Антониу Кошта қонақжайлық көрсеткені үшін Президентке алғыс білдіріп, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ол Еуропалық Одақтың Қазақстанмен жан-жақты әріптестікті тереңдетуге ниетті екенін растады.

– Соңғы он жылда Еуропа Одағы Қазақстанның басты сауда серіктесіне және ең ірі инвесторына айналды. Ал Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізетін жетекші елдердің бірі ретінде біздің энергетикалық қауіпсіздігімізде маңызды рөл атқарады. Бүгін біз экономикалық әріптестігімізді жаңа деңгейге көтеретін кезеңге аяқ бастық, – деді Еуропалық Кеңес Президенті.

Антониу Коштамен әңгімесінде ЕО мен Қазақстанның БҰҰ Жарғысына негізделген мультилатерализмді, тұрақтылық пен бейбітшілікті жақтайтыны да атап өтілді. Еуропалық Кеңес басшысы қауіпсіз әрі орнықты әлем қалыптастырудағы ортақ күш-жігердің маңыздылығына тоқталды.

Кошта Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық қазіргі көпвекторлы әлемдегі диалогты дамытуда ерекше орын алатынын айтты. Сондай-ақ Президент Тоқаевтың Кавказ аймағындағы бейбітшілікке қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның пікірінше, өңірлік тұрақтылық Кавказ бен Қара теңізді байланыстыратын Транскаспий көлік дәлізін дамытуға жаңа мүмкіндік ашады.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Әсіресе көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы бағыттары негізгі басымдықтар ретінде қарастырылды.

Фото: Акорда

Related posts

Қазақстан мен Украина президенттері телефон арқылы сөйлесті

ttjk

Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді

Назия Жоямергенқызы

Обновление побережья Алаколя: современная инфраструктура

Назия Жоямергенқызы