Мәжілісте дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде дене шынықтыру және спорт мәселелеріне, сондай-ақ нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін жоюға қатысты түзетулердің таныстырылымы өтті. Жиынға аталған комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев заң жобасы негізгі төрт бағытты қамтитынын айтты. Біріншісі – спорт түрлеріне басымдық беру. Қазақстанда қазір спорттың 180 түрі дамытылып жатыр. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары 13 қысқы олимпиадалық спорттың 5 түрінен, 46 жазғы олимпиадалық спорттың тек 13 түрінен ғана олимпиадалық жүлделер алған. – Жүргізілген талдау нәтижелерін ескере отырып, заң жобасында «жоғары жетістіктер спорты», «спорт резерві», «басым спорт түрлері» ұғымдарын саралау және нақтылау рәсімін қоспай, басым спорт түрлерін айқындау тәсілдеріне өзгерістер енгізу ұсынылды. Осы ретте Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық, Азия, Пара Азия ойындарының бағдарламаларына енгізілген және жоғары спорттық нәтижелері бар спорт түрлеріне басымдық беріледі, – деді С.Жарасбаев. Сондай-ақ спорт саласындағы басқару институттары арасындағы өзара іс-қимылды қайта қарау жоспарланып отыр. Бүгінде мемлекеттік қолдау алу үшін кейбір федерациялар бір спорттың бірнеше бағытын дамытуда. Вице-министр бұл мәселе бір спорт түрінен бір федерацияны ғана тану арқылы заңнамалық тұрғыдан реттелетінін айтты. Заң жобасы спорттық резервті даярлауды жетілдіруге де бағытталған. Ол үшін спорттық дайындықтың ұлттық стандарттары әзірленіп, бекітіледі. Тағы бір бағыт – спорттық медицинаны дамыту. Жоба аясында «спорттық медицинаны ұйымдастыру», «спорттық медицина» сияқты ұғымдарды енгізу, сондай-ақ Ұлттық спорт медицинасы мен оңалту ұйымының функцияларына жеке бап бөлу және басқа да өзгерістер көзделген.  Баяндамадан соң депутаттар жауапты орган өкілдеріне жобаны жетілдіруге қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Мәселен, спортқа бөлінген қаржының теңсіздігі және легионерлер мәселесі, спорттағы жемқорлық, спорт медицинасы, ұлттық спорт пен параспортқа көңіл бөлу және тағы да басқа мәселелер көтерілді. Заң жобасын талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нартай Сәрсенғалиев жетекшілік етеді.   Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суретті түсірген Т.Таныбаев
_________________________________________________________
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі
Ақпарат көзі: https://parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id50985/1/1
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі

Related posts

Зардап шеккен саяжай тұрғындарына Орал қаласынан пәтер берілді

Назия Жоямергенқызы

ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІ

ttjk

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

ttjk