ҮКІМЕТТЕ САЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Олжас Бектенов сарапшылармен бірге салық реформасын және цифрландыру арқылы салықтық әкімшілендіру мәселесін талқылады.

Премьер-министр Олжас Бектенов сарапшылармен және бизнес өкілдерімен салық реформасы мәселесін талқылады.

Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында ұсынылған шаралар жұртшылықпен, әсіресе бизнес өкілдері және сарапшылармен белсенді түрде кеңінен талқыланып жатқанын атап өтті. Ұлттық экономика, қаржы вице-министрлері бастаған жұмыс топтары барлық өңірдегі бизнес-қауымдастықтармен кездесіп, талдау және өңдеу үшін ұсыныстар жинады.

Ұлттық экономика министрлігі фискалды реформаның негізгі тәсілдерін қысқаша таныстырды. Сараланған ҚҚС және есепке қою шегін төмендету Ұлттық қорға тәуелділікті азайтып, инфрақұрылымды дамытуға қосымша қаражат жұмсауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар арнайы салық режимдерінің санын 364 қызмет түрінен 40-қа дейін қысқарту ұсынылады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы кірістер деңгейі шамамен 18%-ды құрайтыны, бұл түсімдер бойынша ЖІӨ үлесі екені атап өтілді. Басқа елдермен салыстыратын болсақ, Ресейде бұл көрсеткіш – 42%, дамыған елдерде – 50%-дан астам. Осылайша, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін айтарлықтай бюджеттік ресурстардың тапшылығы байқалады. Реформалар болмаған жағдайда, ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, Ұлттық қор оны пайдаланудың ағымдағы серпінін ескере отырып, 2035-2036 жылдарға қарай ең төменгі деңгейге дейін сарқылады.

«Әкімшілікке қатысты көптеген сұрақтар туындайды. Біз де бір жерде тұрмаймыз, жұмыс істейміз. Белгілі бір жетістіктер бар. Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қаңтар айында біз мемлекеттік бюджет кірісі бойынша өсу қарқынын 136% орындадық. Мұның барлығы мемлекеттік кірістер саласындағы жұмыс пен цифрландырудың нәтижесі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет тиімділікті арттыратын және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдететін бірыңғай цифрлық экожүйені құру бойынша жұмыс жүргізуде. Жасанды интеллект және автоматтандырылған деректерді талдау енгізілуде, бұл әкімшілік жүктемені азайтады және ашықтықты арттырады. Салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру үшін деректерді өңдеу технологиялары белсенді түрде енгізілуде.

Кездесуге қатысушыларға Қаржы министрлігінің үлкен деректерді талдау жүйесі ұсынылды, онда 55 мемлекеттік деректер базасы жүктелді, жыл соңына дейін олардың саны 100-ге дейін артады.  Осы ақпарат негізінде салық төлеушілердің цифрлық профильдері қалыптасады. Қазіргі уақытта 569 мың заңды тұлғаның және 1,8 млн-нан астам жеке кәсіпкерлердің профилі жасалды. Цифрландырудың арқасында салық төлеушіге толық мәліметтерді, соның ішінде еңбекақы қорын, уақытша жұмысшылар санын, салық салу нысандарыні, жылжымайтын мүлік, көлік құралдары және басқа да мәліметтерді алуға болады.

Қаржы министрлігінің басшылығы енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер мен олардың тиімділігіне баса назар аудара отырып, Мемлекеттік кірістер комитеті жанындағы әзірлемелермен таныстырды. Осылайша, тәуекелі жоғары салық төлеушілердің электронды шот-фактура (ЭШФ) жүйесінде биометриялық сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда Тemu, Pinduoduo және Alibaba Group сияқты 101 онлайн сауда платформасы салықтық есепке алынды. Олар Қазақстан жеке тұлғаларына электронды түрде тауар саудасымен айналысатын және электронды нысанда қызметтер көрсететін шетелдік компанияларға 75 млрд теңге ҚҚС немесе салық төледі.

Салық реформасы аясында жалған мәмілелерді жою мақсатында ЖШС-лар мен ЖК-лерді тіркеуге бақылауды күшейту ұсынылып отыр. Face ID арқылы кәсіпкерлерді сәйкестендіру шаралары қарастырылуда. Сонымен қатар жалған тұлғалардың атына тіркелу қаупін азайту үшін ақпарат тексерілетін болады. 2024 жылы 2,1 мыңнан астам осындай компания анықталды. Тағы бір бастама – құрылтайшының кәсіпорындары жұмыс істемесе, салық берешегі болса немесе елеулі салықтық бұзушылықтарға жол берген жағдайда жаңа компанияларды тіркеуге тыйым салу.

Қаржы секторын цифрландырудың жеке құралы – бақылау-кассалық машиналар болып саналады. 2024 жылы кассалық машиналардың 39%-ы (453 мың бірлік) түбіртек басып шығармаған. Бұл бағытта бірқатар шаралар әзірленуде.

Түрлі интернет-платформаларда жұмыс істейтін азаматтар санының өсуін ескере отырып, салықтық әкімшілендірудің маңызды қадамы платформалық жұмыспен қамтуды реттеу болды.

Мысалы, «Яндекс такси» платформалық жұмыспен қамту бойынша салықтық әкімшілендірудің пилоттық жобасы аясында 2024 жылдың қыркүйегінен бастап жүргізушілер үшін 378 млн теңге көлеміндегі жеке табыс салығын, сондай-ақ 1 млрд теңгеге жуық әлеуметтік төлемдер аударылды. Жеке кәсіпкер ретінде 50 мың такси жүргізушісі тіркелді Осылайша, Яндекс салықтар бюджетке қосымша процедуралық мәселелермен ауыртпалықсыз тікелей төленеді. Биылғы бірінші тоқсанның соңына дейін Қаржы министрлігі жобаның қолданысын 30-дан астам платформаға кеңейтуді жоспарлап отыр.

Кездесу барысында сарапшылар ұсынылған реформалардың қолданыстағы жобасы бойынша белсенді пікір білдірді.

 

Related posts

Ұстаздар құрған шырша үшін әкімдіктен 30 млн теңге бөлінген

editor

“ӘЛЕУМЕТТІК ЖУРНАЛИСТИКА: БАҚ-ТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТУДЕ

editor

Pinduoduo елімізге тауар жеткізбейтін болды

editor