КӨКТЕМ МЕН ДОСТЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ – ӘЗ НАУРЫЗ

Түркітілдес мемлекеттер биыл Наурыз мерекесін Түркі әлемінің 2018 жылғы мәдени астанасы – Түркияның Кастамону қаласында тойлады.

               «Әр қаланың өзіне тән рухы бар»

Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі, Кастамону қаласының әкімдігі мен ТҮРКСОЙ бірігіп дайындаған мерекелік шараларға Жер шарының 18 мемлекетінен 200-ге жуық өнер адамдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 21 наурыз күні таңертең Наурыз мерекесінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза: «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз түбі бір түркінің ең маңызды мерекелерінің қатарында. Әз Наурыз – көктемнің жаршысы, достықтың символы. Жыл сайын түбі бір түркі жұрты бас қосатын Наурыз мейрамы мен айтулы шараның тұспа-тұс келуінің маңызы зор. Мәдениеті егіз түркі ұрпақтары Ұлыстың ұлы күнінде бас қосып, төс қағыстырып, бауырластығын білдіруі дәстүрге айналған. Жаңа күн, Ергенекон, Жаңа жыл, құтты болсын! Жүректерімізден сүйеспеншілік, шаңырақтарымыздан шаттық кетпесін! Наурыз құтты болсын!», – деді.

Өз кезегінде Кастамону қаласының әкімі Тахсин Бабаш: «Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде 2018 жылы Кастамонуда білім, мәдениет, тарих, әлеумет, экономика, медицина, туризм т.б. салаларға қатысты 1050 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаларға түркі мемлекеттерінің ғалымдары, өнер қайраткерлері мен мамандары тартылады», – деді.

Мерекені ашылу салтанатына Анкарадан арнайы келген Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым әр қаланың өзіне тән рухы болатынын жеткізді: «Қала – тек өмір сүретін мекен емес. Әр қаланың рухы бар. Түркі және Ислам әлемінің мәдени астанасына айналған маңызды қалалар бар. Стамбұл, Бұрса, Кастамону, Конья, Шанлыурфа, Диярбакыр, Түркістан, Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Қазан, Бағдад, Шам, Құдыс, Мәдина сияқты қалаларды аралағанда терең тарихымен тыныстайсыздар. Олар рухымызбен ғана емес, жүрегімізбен де үндеседі. Түркінің құндылықтары сол қалпында сақтаған Кастамонуда 2018 жылы түбі бір түркінің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениеті насихатталады».

Кастамонудағы Наурыз тойында Қазақстанның атынан оңтүстікқазақстандық өнер ұжымдары –  «Алтын Қаракөз» және «Қазына» би ансамблі, «Семсер» тобы, сондай-ақ Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетті.

Кастамону – түркі әлемінің мәдени астанасы

Анадолыдағы түріктердің ескі мекені саналатын, 7 мың жылдық тарихы бар Кастамону қаласын 1084 жылы Әмір Каратекин Паша жаулап алып, қаланы түріктердің иелігіне көшіреді. Фатих Сұлтан Мехметтің дәурені жүріп тұрған кезде Османлы империясының қарамағына көшкен Кастамону шығысында Самсун, батысында Измит, оңтүстігінде Каледжик, солтүсігінде Қаратеңізбен шектеседі. Ерекшелігі сол, Әмір Каратекин Пашадан кейін Кастамонуда ешбір заман шапқыншылық болмаған. Оның себебін тарихшылар қауымы қаланың орталықтан тым шалғайда жатқанымен байланыстырады. Тұрғындары адалдығымен, Отанға деген жанкештілігімен көзге түскен Кастамону қаласын Түркия Мемлекетін құрған Мұстафа Кемал Ататүрік те қатты жақсы көрген. Түрік саясаттанушылары: «Егер Ататүрік ұлт-азаттық күресін Самсунда бастамағанда, Кастамонудан бастайтыны анық еді», — деген. Логистикалық ескілескен ұрыста кастамонулықтар майданға оқ-дәрі жеткізіп беріп отырған. Бүгінде қаланың орталығындағы Мемлекет алаңында өгізімен оқ-дәрі тасып келе жатқан Шерифе баджының (қарындастың) ескерткіші тұр. Оның тарихына келсек, майданға қару-жарақ пен оқ тасыған Шерифе баджы желтоқсанның ызғарлы күндері үстіндегі қыстық киімі мен жылы жамылғысын оқ-дәріге жапқан көрінеді. «Жеңіске жеткізетін қаруға жаным пида», – деген ол жылы жамылғыны құшағындағы сәбиіне де қимаған… Оқ-дәрі аман-есен жеткізілген, сәби де сап-сау. Тек бойын қарыған аяздан Шерифе баджы оңала алмай, көз жұмыпты. Оның Отанға деген ыстық ықыласына риза болған жерлестері Кастамонудың бірнеше көшесінен ескерткіш тұрғызған.

Мереке шеңберінде түркі елдерінен келген журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіген Түркияның Мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмуш  статистикалық мәліметтерге сүйеніп жасалған болжам бойынша, биыл Түркияға Жер шарының түкпір-түкіпіренн 37 миллионнан астам шетелдік турист келетінін айтты. Шетелдіктердің Кастамонуға да қызығушылық танытатыны анық. Әсіресе, Хормо мен Чатак шатқалдары, Ылыджа сарқырамасы, шыңыраудан 450 метр биіктікте орналасқан Шыны көпір, Османлы кезеңінен қалған ескі үйлер, мешіттер, медреселер мен басқа тарихи ескерткіштер көрген кісіні бірден баурап алады.

Нәзия Жоямергенқызы,

Алматы – Стамбұл – Кастамону – Стамбұл – Алматы.

Related posts

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫ: «ТУҒАН ЖЕРІМ — ТҰҒЫРЫМ»

editor

9 айдағы ішкі туристер саны 6 миллион адамға жетті

editor

ТҮРКИЯ ТУРИЗМІ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

ttjk