«Еркін сөз»-2019 шығармашылық байқауының «Сайттағы үздік мақала» номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алған www.inbusiness.kz сайтының тілшісі Аслан Қаженовтің «Ішкі өндіріс дамымайынша инфляцияны жеңе алмаймыз» материалы.
Ішкі өндіріс дамымайынша инфляцияны жеңе алмаймыз
Үкімет пен Ұлттық банктің «бір күндік» бағдарламалары инфляцияны азайтпайды
Геосаяси ахуал, халықаралық сауда мен мұнай нарығы секілді сыртқы факторлардан гөрі теңгенің өзіндік құнына халықтың жалақысы, әлеуметтік жағдай мен «қарапайым заттар экономикасы» көбірек ықпал етіп отыр.
Әлеуметтік реформалардың басы
Былтырғы президент Жолдауында сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше мән берді. Атап айтар болсақ, ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру тапсырылды. Бұл елдегі 1,3 миллион адамның еңбекақысын көтерді. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің де еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өсірілді. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінетін болды. Артынша квазимемлекеттік сектордағы компаниялар да қызметкерлерінің жалақысын көтере бастаған.
Бұдан бөлек, биыл жыл басында Бақытжан Сағынтаевтың Үкіметін отставкаға жібере отырып Нұрсұлтан Назарбаев ендігі Үкімет әлеуметтік бағдарланған Үкімет болуы керектігін айтқан. Оның себебі елдегі әлеуметтік толқулар болса керек. Мәселен, көпбалалы аналардың талабымен Үкімет оларға қосымша 21 мың теңгеден көмек те беретін болған.
Қасым-Жомарт Тоқаев та сайлауалды кампания барысында да билікке келген жағдайда әлеуметтік реформа жүргізу керек екенін айтқан. Күні кеше президент болып сайланған оның енді қандай әлеуметтік бастамалар көтеретінін көп өтпей көре жатармыз. Ал қазіргі Үкімет пен Ұлттық банктің міндеті жалақы мен жоғарыда аталған әлеуметтік төлемдердің өсімі кесірінен теңгенің инфляциясының күшейіп кетпеуін қадағалау.
Тұтынушылық сұраныс инфляцияны күшейтті
Елдегі жаппай «социалистік кампания» халықтың ақшалай табыстарын көбейтті. Мәселен, биыл наурыз айында халықтың нақты ақшалай табысы былтырғы наурызбен салыстырғанда 9,7% өскені айтылған. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019 жылғы сәуірде халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 98 019 теңгені құрады, бұл 2018 жылғы сәуірге қарағанда 8,1% жоғары.Соның ішінде жалдамалы жұмыспен қамтылудан түскен табыс 71%, жеке кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстар — 11,5%, әлеуметтік трансферттер түріндегі табыстар — 16,4% және өзге де ақшалай табыстар 1,1% құрады.
Яғни, халықтың табыстарының көбеюінде жалдамалы жұмысшылардың жалақысының көбеюі мен мемлекеттің әлеуметтік көмектің өсуі айтарлықтай ықпал етіп отыр. Ал кәсіпкерлік қызметтерден түскен табыстың үлесі аз болғанымен, Ұлттық банктің мәліметінше, экономиканы мемлекеттік қолдау шараларының күшейтілуі мен фискалды ынталандыру да тауарлар мен қызметтер бағасын көтерген.
Несиенің көбеюі де бағаны қымбаттатты
Халықтың нақты табысынан бөлек тұтынушылық мақсатта алынған несиенің де ұлғаюы азаматтарды «қысқамерзімді байлыққа» кенелтті. Нақтырақ айтар болсақ, сәуір айының қорытындысы бойынша халықтың банктерден алған тұтыну несиелерінің көлемі былтырғыдан 14,6 пайыз ұлғайып кеткен екен. Ал 2015 жылдары банктердің экономиканы несиелендіруіндегі 60-65 пайызы қаржы ұйымдарының бизнеске берген қарызы болса, биыл көрсеткіш азайып, керісінше банктердің берген несиесінінң 50 пайыздан астамы қарапайым халықтың алған қарызы болып отыр.
Сонымен қатар, банктердің несие карталарын жаппай шығара бастауы да тұтынушылық белсенділікті арттырып, халық күнделікті азық-түлікті де несиеге ала бастады. Осының бәрі бірінші кезекте жалақысы орташа немесе ортадан төмен халықтың тұтынушылық белсенділігін ұлғайтты. Ал мұндай төменгі орта тап өкілдері ақшасын негізінен азық-түлік пен күндікті тұтыну тауарларына жұмсайтыны белгілі.
Табыс пен қарыз тамақтан артылмайды
Халықтың төлем қабілетін көбейтемін деп Ұлттық банк елдегі инфляцияны күшейтіп отыр. Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылы маусымда азық-түлік бағасының инфляциясы бір жыл бұрынғыдане 8,2 пайызға өсіп кеткен. Бұл елдегі жалпы орташа инфляциядан шамамен 3 пайызға дейін артық. Соған қарағанда теңгенің құнына геосаясат пен халықаралық сауда немесе мұнай бағасы секілді сыртқы факторлардан гөрі ішкі факторлар қаттырақ әсер етіп отырғанға ұқсайды.
Бұдан бөлек, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың да бағасы 6,1% өссе, ақылы қызметтерге тарифтердің инфляцияға айтарлықтай әсері болмаған. Ал былтыр Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында коммуналды қызметтерге тарифтерді төмендету туралы монополистерге берген тапсырмасынан кейін су, жылу мен электр қуаты секілді қызметтердің арзандауы өз кезегінде инфляцияны төмен тартуы да мүмкін.
Ұлттық банк халықтың үмітін ақтай алмай жатыр
Бас банк маусымның 4-і күні теңгенің базалық мөлшерлемесін 9,00% деңгейінде сақтап қалды. Оның алдында сәуірдің 16-сы күні 9,25%-дан 9,00%-ға төмендеткен еді. Досаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш жылдық инфляцияны биыл 4-6 пайыз дәлізінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Дегенмен, биыл мамырға дейінгі инфляция жылдық 5,3% болғанын ескерсек және жыл соңына дейін тағы да қымбатшылықтың болу мүмкіндігін есепке алсақ, Ұлттық банктің инфляцияны тоқтатуы тым қиын болмақ.
Шамамен былтыр қарашадан бері халықтың инфляциялық күтулері нақты инфляциядан төмен болып келеді. Яғни, Ұлттық банк елдің сенімінен шыға алмай жатыр. Мәселен, халық сәуір айында инфляция 4,5% болады деп күткен болса, нақты инфляция 4,9%-ды құраған. Ақпан айын санамағанда жыл басынан бергі бүкіл айда нақты инфляция халықтың күткенінен 2-3% жоғары болған. Бұлай кете беретін болса, халықтың Ұлттық банкке сенімі азайып, бұл да өз кезегінде инфляцияны одан сайын күшейтіп жіберетін жанама факторға айналмақ. Мысалы, былтыр қыркүйек-қазан айларында солай болған. Халықтың инфляциялық күтімі нақты инфляциядан көп болып, нәтижесінде инфляция деңгейі 6%-ға дейін жақындаған.
Инфляцияны азайту үшін импортты азайту керек
Қазақстандағы халықаралық сауда балансы оң баланста болғанымен, яғни, сатып алғанымыз сыртқа сататынымыздан аз болғанымен, қарапайым халықтың қалтасына тікелей әсер ететін өнімдер негізінен сырттан келетіні белгілі. Мәселен, жоғарыда аталғандай, инфляцияны күшейтіп отырған тауарлар азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарлары. Өйткені, ақшасының көбін осыған жұмсайтын қарапайым халықтың табысы мен өзге де ақшалай кірістері көбейді. Бірақ, таза нарықтық қисынға салсаңыз, сұраныс көбейген кезде тауар құны арзандауы тиіс еді. Бірақ жағдай керісінше, баға қымбаттап жатыр. Неге десеңіз, сұраныс артқан әлгі тауарларды өзіміз өндірмейміз, сырттан сатып алып отырмыз.
Экономистердің пікірінше, жалақы мен әлеуметтік төлемдерді көбейтумен халықтың тұрмысы жақсармайды. Өйткені, төлем қабілет көбейгеннен кейін сырттан тауар тасушылар бағаны да қатарынан көбейтіп жібереді. Оған дәлел статистикалық мәліметтер де жоқ емес. Мәселен, Еуразиялық Экономикалық Комиссияның мәліметінше, Қазақстан 2018 жылы 280,7 млн АҚШ долларының азық-түлігін импорттапты. Аграрлық держава болуға ұмтылып жүрген еліміз үшін бұл үлкен кемшілік. Сол секілді, күнделікті тұрмыстық заттар да сырттан тасылып жүр. Былтырғы Назарбаев Жолдауында айтылған «қарапайым заттар экономикасын» дамыту ең алдымен осылай инфляцияны күшейтпеу үшін көтерілген болса керек.
Ресейден инфляция импорттап жүрміз
Азық-түлік пен тұрмыстық заттарды «жасай алмайтынымыз» өз алдына, көп жағдайда экономикамыз сыртқы экономикалық кеселдерді де жұқтырып алып жатады. Мысалы, біріңғай экономикалық кеңістік аясында одақтас елдердің кесірінен де теңгенің әлсіреп жататын кезі аз емес. Мұнайдың қымбаттамай қоюын санамағанда антиресейлік санкциялардың рубльге кері әсер етіп, оның өз кезегінде ұлттық валютамызға зиянын тигізген кездері бірнеше рет байқалды.
Былтыр рубльдің инфляциясы 4 пайыздан асқан. Ал биыл Ресей Орталық банкінің өзі көрсеткіштің 4,7-5,2 пайыз аралығында болатынын жорамалдады. Бұл былтырғыдан шамамен 0,5-1,0 пайызға көп. Мұның өзі теңгенің инфляциясын қосымша 2-3 пайызға ұлғайтуы ытитмал. Бұл тек ресми мәлімет қана. Кейбір сарапшылар биыл Ресейдегі рубль инфляциясы 10 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Жыл санап Ресеймен арадағы сауданың, соның ішінде импорттың көбейіп жатқанын ескерсек, теңгенің құны солтүстік көршінің экономикасына байланысты болып тұр. Және алдағы бірер жылда солтүстік көршіміздің валютасы оңала қоятынға ұқсамайды.
Қорыта айтар болсақ, Ұлттық банк теңгеге қолжетімділікті арттыру үшін базалық мөлшерлемені азайтамын деп инфляцияны күшейтіп алды. Үкімет халықтың тұрмысын оңалтамын деп азық-түліктің қымбаттауына жол беріп қойды. Яғни, Ұлттық банк пен Үкіметтің «бір күндік» бағдарламалары валюта мен экономиканы құтқаруға қабілетсіз. Оның орнына инфляцияның жалғыз емі – отандық өндірісті арттыру. Соның ішінде Жолдауда да айтылғандай «қарапайым заттар экономикасын» дамыту. Халықтың ең көп ақша жұмсайтын тамақ пен өзге де күндікті тұрмыстық заттардың импортын тоқтату.
Аслан Қажен