Елордада Euronews телеарнасының өңірлік кеңсесі ашылды

Телеарна бөлімшесінің ашылуында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews кеңсесінің ашылуы Қазақстанның ақпарат саласы үшін маңызды оқиға екенін жеткізді. Бұл тек географиялық ауқымды кеңейту емес, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдени мұрасын, заманауи жетістіктерін әлемге көрсетуге берілген жаңа мүмкіндік екенін айтқан ведомство басшысы «Мемлекет басшысы қазақстандық мәдениетті, туристік және инвестициялық әлеуетті халықаралық деңгейде таныстыруды тапсырған болатын. Менің ойымша, бұл кеңсенің ашылуы осы жұмыстарға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұл кеңсе мәдениеттер арасындағы диалог алаңына айналып, жаңа идеялар мен креативті шешімдерді ілгерілетуге үлес қосады. Бұл бастама арқылы тек өзара түсіністікті арттыратын ғана емес, жаһандық медиа кеңістікті байытатын жобалар дүниеге келетініне сенімдімін», деп толықтырды.

Бірлескен ынтымақтастық аясында Euronews 39 миллионнан астам көрерменді қамтыған Көшпенділер ойындарының материалдарын трансляциялады. Сондай-ақ қазақ халқының мәдени мұрасы мен инвестициялық жобалары туралы 10 бағдарлама, хабарлар мен сұхбаттар жарияланды.

«Euronews» Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгастың сөзінше, қазақтар – Ұлы Дала өркениетінің мұрагерлері, Орталық Еуразиядағы көкпаршы көшпенді халықтардың мемлекеттілік дәстүрінің ізбасарлары. Қазақ хандығы 1465 жылы Алтын Орда күйрегеннен кейін құрылып, кейіннен тәуелсіз мемлекет ретінде қазіргі Қазақстан Республикасының қалыптасуына әкелді. Келесі жылы Қазақстан өз тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Қазір Қазақстан 20 миллион халқы бар әлемдегі ең ірі 40 экономика қатарынан орын алып, көптеген экономикалық және саяси реформалармен үлгі боларлық жолды көрсетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен бірнеше саяси реформалар табысты жүзеге асырылды. Осылай деген ол «Осы өзгерістердің арқасында бүгін тарихи сәт – Астанадағы Euronews кеңсесінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Біз Қазақстанның экономикасы, мәдениеті және мұрасы туралы халықаралық аудиторияны ақпараттандыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз. Қазақстандық кәсіпкерлермен, суретшілермен және таланттармен жұмыс істеп, Қазақстанның жаңа шындығын және жарқын болашағын көрсететін үш түпнұсқалық телешоу әзірлейміз», деп отыр.

Ынтымақтастықтың маңызды бөлігі – Euronews academy жобасын жүзеге асыру. Оның аясында отандық журналистерге шетелдік спикерлердің қатысуымен офлайн тренингтер мен мастер-класстар ұйымдастырылатын болады. Бұл қазақстандық БАҚ өкілдерінің кәсіби дағдыларына оң әсерін тигізеді. Қазір 20 жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында мәдениет, өнер және өмір салты туралы «Modern Nomads» шоуы, бизнес пен экономикаға арналған өңірлік шоу – «East-West Connect», сондай-ақ өңірлік тұлғалармен сұхбаттар – «Voices from Central Asia» жобалары бар.

Related posts

Он екі жылдан кейін ұсталған алаяқ

editor

«Халық-Life» АҚ-ы «Bilim-Life» атты жаңа сақтандыру өнімін шығарды

ttjk

Қазақстанда алғаш рет PRO.NRG FEST ғылым, өнер және технологиялар фестивалі өтеді

ttjk