ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен жоғары оқу орынының басқарма төрағасы-ректоры лауазымына үміткерлерді айқындау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссияның құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ЖОО қауымдастығының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және қоғам қайраткерлері бар.
Ең алдымен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек комиссия мүшелерін ректорларды айқындау жөніндегі тәртіптің жаңа ережесімен таныстырды. Оған сәйкес, үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Ең басты міндет – тиімді менеджмент арқылы жоғары білім сапасын көтеруге ықпал ету.
Ректорлыққа үміткердің ғылыми дәрежесі, білім және ғылым саласында кем дегенде 5 жыл басқару тәжірибесі болуы керек. Кандидаттың ғылыми атағы (профессор, доцент) да ескеріледі. Бұл – ректорға қойылатын талаптардың бір бөлігі ғана.
Кезекті отырыс барысында елдегі 3 жоғары оқу орнының басшылығына үміткерлер тыңдалды.
Рудный индустриалды университеті негізінен техникалық ғылымдар мен технологиялар бойынша мамандар дайындайды. Оған ректор болудан үмітті 4 азамат бағдарламасын қорғады. Нәтижесінде Нұрбек Сапарқожаевтың кандидатурасы көпшілік дауыспен қолдау тапты.
Қарағанды индустриалды университеті – көбіне техникалық мамандар даярлауға маманданған жоғары оқу орны. Оның ректоры қызметіне 2 үміткер ұсынылған болатын. Олар университеттің алдағы 5 жылға арналған даму жоспарын ұсынды. Нәтижесінде көпшілік дауыспен Бақыт Жәутіковтің жобасы үздік деп танылды.
Теріскейдегі көне оқу орындарының бірі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті бірқатар бағытта мамандар дайындайды. Мұнда гуманитарлық, техникалық, инженерлік, ауыл шаруашылығы секілді салалар бойынша шәкірттер оқытылуда. Іргелі оқу орнының ректоры болуға үміткер 2 азамат өз бағдарламаларын ұсынды. Комиссия мүшелері Ербол Исақаевтың кандидатурасын көпшілік дауыспен қолдады.
«Еліміздің еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау – аса жоғары жауапты міндет. Бүгін комиссия мүшелері мақұлдап, тағайындауға ұсынылған азаматтар артылған сенімді ақтайды деп ойлаймын», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.