«ЭКОЛОГИЯ. РАДИАЦИЯ. ДЕНСАУЛЫҚ»

Экология және денсаулық

Жуырда Семей қаласында «Экология. Радиация. Денсаулық» атты XIV халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Алдымен Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыка-драмалық театрында пленарлық отырыс ұйымдастырылды. Шараны ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров және Семей медициналық университетінің ректоры Ерсін Жүнісов жүргізіп отырды.

Радиациялық экология және радиациялық қауіпсіздік, клиникалық медицинаның өзекті мәселелері, медицинадағы зертханалық диагностиканың қазіргі заманғы мәселелері, экологиялық жағынан сәтсіз аумақтарда тұратын тұрғындардың науқастануын емдеу, алдын алу және оңалту, жас ғалымдар секциялары, стенділік баяндамалар конференцияның ғылыми тақырыптары болды.
Конференция жұмысына Жапония, Үндістан, Түркия, Ресей және еліміздің өңірлерінен ғалымдар қатысты. Пленарлық отырысқа ғылыми зерттеу орталықтары, халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздік және экология институтының өкілдері сөз сөйледі.
Кездесуде радиациялық медицина бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысы туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ меймандар ядролық медицина саласындағы соңғы жаңалықтармен бөлісті. Семей медицина университетінің ректоры Семей полигонының жабылу тарихына тоқталды. Мерейтой шарасының құрметті қонақтарының арасында Шимане, Нагасаки, Хиросима университеттері, «Хиросима-Семей» козғалысы, Радиологиялық зерттеулер Ұлттық институтының өкілдері және радиационды биология және медицина ғылыми-зерттеу институтынының профессорлары болды.
Мәселен, «Хиросимо-Семей» қозғалысының хатшысы Чейко Кобатаке жапондардың дені Чернобыль апатын жақсы білетінін айтты. Сонымен қатар Семейдегі 500-ге жуық ядролық жарыстың Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған бомбалар қуатынан әлдеқайда зор екендігін, қазақ пен жапон халықтарының тағдырлары ұқсас екендігін тілге тиек етті. Жапондық меймандар көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы ғылыми және достық қарым-қатынас әлі де нығая түсеріне сенім білдірді.
Әнші Роза Рымбаеваның «Заман-ай» әні жапон және ағылшын тілдеріне аударылған. Бұл туралы Семейге алғаш рет табан тіреген жапон қызы Риока Мичида айтып берді. Оның айтуынша, Семей полигоны жүрекке жазылмастай жара салғандығын жапон халқы жақсы біледі. Сол себепті осы ән жапон тіліне аударылып, әлемнің көптеген елдерінде орындалып жүр. Сахна төріне көтерілген күншығыс елінен келген мейман, бір сәтке болмасын көз жасын тыя алмады. Жарылыс забдарынан оның көптеген жақын-туыстары өмірден озған. Ал «Заман-ай» әнін орындағанда, лық толы залда отырғандар орындарынан тұрып ұзақ қол шапалақтады.
Конференция кезінде полигондар туралы деректі фильмдер түсіріп жүрген шетелдік журналистер де өз ойларымен бөлісті. Соның бірі АҚШ-тан келген тілші Ахмет Фази, ол Семей және Курчатов қалаларында болған. Қазақстанның бейбіт саясатын жүргізуге бет алғаны туралы бастама көптеген елдерге үлгі екендігін алға тартты. Оның айтуынша, шетелдік журналистер медициналық университеттің анатомиялық мұражайында болып, Семей полигонының зардабын мұқият зерттеуге күш салуда. Сапар барысында тек ел ішіндегі емес, бүкіл әлеммен бірге ауыр кезеңдерде бірігудің жарқын үлес білдіру маңызды деген ойымен бөлісті.
Конференция кезінде түрлі бағыттарда секциялар жұмыс жасады. Ұйымдастырушылар қатысушылар назарына медицинаны дамытудың заманауи аспектілерін ұсынып, жас ғалымдар өздерінің зерттеулерімен бөлісті.
Конференция барысында ғалымдар радиация, экология, денсаулық мәселелері жайлы көзқарастары мен пікірлерін ортаға салды. Радиация және радиациялық қауіпсіздік, экологиялық қолайсыз аймақтардағы клиникалық медицинаның өзекті мәселелері, зертханалық диагностиканың заманауи талаптары, ядролық сынақ полигоны салдарынан туындаған онкологиялық ауруларды емдеу және оның алдын алу сынды тақырыптар төңірегінде баяндамалар жасалды.
Бұдан әрі Семей медициналық университетінің Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты базасында «Радиациялық экология және радиациялық қауіпсіздік» секциясы өтті. Цитогенетикалық биологиялық дозиметрия тақырыбына шетелдік және отандық ғалымдар аса қызығушылық танытты, оған сансыз сұрақтар мен ұзақ пікірталасқа ұласты.
Конференцияда сөз алған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы Батыс аймақтың филиалының директоры, профессор Ізімғали Көбенов, көп жылдар бойы айтылып жүрген Ақтөбе өңіріндегі Шалқар көліне экологиялық апат төніп тұрғандығы туралы баяндама жасады. Кейде балықтар қырылып, суға түсу қауіптің барын экологтар бірнеше рет ескерткен. Топырақ пен су құрамы да тексерілген. Шалқар көлінде зиянды қоспалардың мөлшері көп. Отырыс қорытындысы бойынша Шалқар көлінің мәселесін резолюцияға кіргізіп, республикалық деңгейде көтерілетін болып шешілді. Айта кету керек, конференция жұмысына еліміздің батыс өңірлері, атап айтқанда Ақтөбе, Олар, Атырау және Ақтаудан өкілдер белсенді қатысты.
«Дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын конференция алдымен Семей тұрғындары үшін маңызы орасан зор деп білемін. Өздеріңізге белгілі, бұл аймақта 1949 жылдан бері тоқтаусыз жүргізілген атом жарылысы 1990 жылға дейін жалғасты. Өкінішке орай, болған зардаптардың салдары әлі күнге дейін халықтың денсаулығына теріс әсер етуде және мұны жасыруға болмайды. Әрине, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар аз емес, десе де экология, радиация және денсаулық мәселелеріне көңіл бөлуді әлі де жалғастыра беруіміз қажет. Жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары еліміздегі медицина және диагностиканы дамыту бойынша шетелдік тәжірибеге жүгініп, тәжірибе алмасқан жөн. Жапония ғалымдарымен тығыз қарым-қатынас орнағанына біраз болды, ендігі кезекте бұл ынтымақтастықты әлде де жандандыру қажет», — дейді Ізімғали Көбенов.
Сондай-ақ, Бейбітшілік аралындағы ядролық сынақ алаңының жабылуына 28 жыл толуына орай бейбітшілік акциясы өткізілді. Оған шаһар тұрғындары мен қонақтары, қоғам белсенділері мен шетелден келген меймандар қатысты. Жиналғандар ядролық жарылыс құрбандарының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Бейбітшілік аралында Семей сынақ полигонында болған жарылыстардан сыр шертетін фотосуреттер қойылды. Семей медициналық университетінің студентері «Бейбіт өмір» атты флешмоб көрсетті. Онда студенттер 3 тілде аудио жазба арқылы жарылыссыз өмірді баяндап, бейбітшіліктің символы саналатын ақ көгершіндерді аспанға ұшырды.
Семейге жасаған сапарында Батыс өңірінен барған мамандар XVIII ғасырдың соңында өмір сүрген, елі мен жерін жаудан қорғап, 21 жасында мерт болған қазақтың қас батыры Күшікбай Қанайұлының басында болып, баһадүрдің рухына арнап құран бағыштады. Сонымен қатар, Абай ауданы Бөрілі ауылындағы Мұхтар Әуезовтың мұражай-үйінде болып, қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама қалымның өмірбаянымен танысты.

Нұрбол Қонжар,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Related posts

«ЕРКІН СӨЗ»-2023 ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

editor

ТОҚАЕВ АЛМАТЫЛЫҚТАРДЫ САБЫРҒА ШАҚЫРДЫ

ttjk

EuroVelo & Cycling Tourism Conference Измирде өтеді

ttjk